5512 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 195 жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Көк байрағымыздың алдында ант берген жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етіп, әскери міндеттерін абыроймен атқаруға серт берді.

Әскери ант қабылдау рәсімімен қатар бөлімде ата-аналарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Шара барысында сарбаздардың тұрмыс жағдайы, күн тәртібі мен әскери қызметтің ерекшеліктері таныстырылды. Ата-аналар бөлім басшылығымен кездесіп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Командир әскери бөлімнің қызметі мен сарбаздарға жасалған жағдай туралы жан-жақты ақпарат берді. 

Жас сарбаздардың айтуынша, әскери ант – әр азаматтың өміріндегі ең жауапты әрі маңызды сәттердің бірі. Олар ел тыныштығын қорғап, жүктелген міндетті адал орындауға дайын екендіктерін жеткізді.

Ұлттық ұлан қатарын толықтырған жас жауынгерлер алдағы уақытта жауынгерлік дайындықтарын шыңдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерді атқаратын болады. Ал ант қабылдау рәсіміне куә болған ата-аналар ұлдарының таңдаған жолына сәттілік тілеп, әскери қызметтің олардың жауапкершілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыратынына сенім білдірді.

Дильназ Қуанышбекқызы