Железин ауданының шалғайдағы Веселая Роща ауылында жаңа наубайхана ашылды. Бұл бастама ауыл тұрғындарын сапалы әрі жаңа піскен нанмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкерге «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы қолдау көрсетті.

Шалғайдағы ауылда іске қосылған наубайхана – мемлекеттік бағдарламалардың ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы нақты нәтижесінің бірі. Енді тұрғындар ауа райына немесе жолдың жабылуына алаңдамай, күн сайын жаңа піскен нан сатып ала алады.

Бұған дейін Веселая Роща ауылында нан жеткізу мәселесі жиі туындайтын. Әсіресе қыс мезгілінде боран мен аяз салдарынан жол қатынасы қиындап, тұрғындар нансыз қалатын кездер болған. Осы мәселені шешуді көздеген ауыл тұрғыны Анжела Белова жеке наубайхана ашуға бел буады. Ол ауыл әкімдігіне жүгініп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған. Соның нәтижесінде бірнеше айдың ішінде жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді.

Анжела Белова, кәсіпкер

Біздің ауыл қаладан алыста орналасқан. Ал нанды қыста, жауынды шашынды күндері ауылға әкелу қиынға соғады. Мен ауыл әкіміне барып, ақылдасып жеңілдетілген несие алуға шешім қабылдадым. Ақпан айында несие алып,ғимаратты салдық. 

Бүгінде наубайханада тәулігіне 300-ге жуық бөлке нан пісіріледі. Мұнда дәстүрлі ақ нанмен қатар кебекті нан, батон, багет және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Өнімдер тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылады.

Анжела Белова, кәсіпкер

Халық мені қолдайды. Олар ауылда осындай наубайхана ашылғанына өте қуанышты. Нанның бағасы тиімді бағада, қазіргі таңда 2 адам жұмыс істеді. Алдағы уақытта тағы адамдарды аламыз. 

Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа кәсіпорын ауылдың әлеуметтік тұрмысына оң әсерін тигізіп, күнделікті қажетті өнімнің қолжетімділігін арттырған.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба шалғай ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға да серпін беріп отыр.

Дильназ Қуанышбекқызы