1 шілдеден бастап елімізде жалдамалы электрсамокаттарды пайдалануға арналған жаңа талаптар күшіне енді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және жаяу жүргіншілер мен самокат тізгіндеушілер арасындағы қақтығыстарды азайту. Жаңа ережелер бойынша электрсамокатпен жерде жүруге болады және заң бұзғандарды қандай жауапкершілік күтіп тұр? Әріптесім тарқатады.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді әрбір жалдамалы электр самокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Бұл жаңашылдық көшедегі автоматты камераларға жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін жедел анықтауға және құқық бұзушылық жасалған көлік құралын дәл белгілеуге мүмкіндік береді.
Қуаныш Мұстафинов, Павлодар облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының М.А.
«Электр самокат пайдаланушыларына жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жолдың жүру бөлігінде жарық шағылыстыратын элементтерсіз қозғалуға тыйым салынады. Бұл талаптардың орындалуын патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті қызмет барысында жіті қадағалайды. Кикшеринг компанияларына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Енді олар электрсамокаттардың техникалық тұрғыдан ақаусыз болуын қамтамасыз етуге, олардың қайда жүргенін бақылауға және жылдамдықты шектеу туралы ескертулер жасауға міндетті. Сондай-ақ, самокаттардың бейберекет тасталуын болдырмау, көлік құралдарының есебін жүргізу және қажетті деректерді ішкі істер органдарына беріп отыру ¬¬¬¬¬¬– тікелей осы компаниялардың міндеті. Ең маңызды талаптардың бірі ¬– егер жүргізушінің куәлігі жоқ болса, шеринг қызметі оның самокатпен автомобиль жолына шығып жүру мүмкіндігін болдырмауы тиіс.»
25 тамыздан бастап электр самокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толықтай тыйым салынады. Бұдан былай электр самокатпен велосипед жолдарымен немесе веложолақтармен жүру қажет. Олар болмаған жағдайда қозғалысты жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жалғастыруға рұқсат етіледі.
Қуаныш Мұстафинов, Павлодар облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының М.А.
«Бүгінгі таңда бізде тағы бір өзекті мәселе туындап отыр, ол ¬– Павлодар қаласында велосипед жолдарының тапшылығы. Қазір Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары бойынша жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын веложолдар бар. Оның ішінде, Павлодар қаласында арнайы жол таңбалары салынған веложолақтар тек Назарбаев даңғылы мен Орталық жағалауда жабдықталған. Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында ұзындығы 4 шақырымдық веложол бар. Ақсу қаласында Доспанова және Ленин көшелерінде ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын веложолдар. Сонымен қатар «Vision Zero» бағдарламасы аясында Лермонтов көшесі жаңартылып, қазір ол жерде де велосипед жолдары пайда болды.»
Сондай-ақ, маманның айтуынша, қалалық инфрақұрылымды дамыту аясында Торайғыров көшесінің бойына веложолдар салу мүмкіндігі қарастырылуда, оған қоса Академик Шөкин, Олжабай батыр, Академик Сәтбаев, Қамзин және Бекхожин көшелерінде жаңа веложолдар салу жоспарланған. Одан бөлек, спикер заңды бұзған азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынына да тоқталды.
Қуаныш Мұстафинов, Павлодар облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының М.А.
«Электр самокат жүргізушілері жолдың жүру бөлігінде басында шлем болуы керек, жүргізуші куәлігінің болуы шарт. Ережені елемегендерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша шара қолданылса, самокатты мас күйінде тізгіндегендер 608-баппен жауапқа тартылады. Заңды міндеттерін орындамағандарға қатысты 611-бап қолданылмақ. Бұдан бөлек, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сай, 619-бап бойынша самокатты басқару құқығы жоқ тұлғаларға көлікті бергені үшін енді жүргізушілер ғана емес, тікелей кикшеринг компаниялары да заң алдында жауап береді.»
Бұл өзгерістер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға және жеке мобильділік құралдарын пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Жыл басынан бері өңірде электрсамокаттың қатысуымен 2 жол апаты тіркеліп, салдарынан 2 адам ауруханаға жатқызылған. Ал маусым айының ортасынан бері ережені бұзған 200-ден астам самокат арнайы айып тұрағына қойылған.
Жұлдыз Қабылденова