Астана қаласында ең үздік қымызды анықтау мақсатында «BaiQymyz-2026» гастрофестивалі өтті. Оған Павлодар өңірінің қымыз өндірушілері де қатысқан болатын. Қатысушылар арнамыздың таңғы бағдарламасында арнайы қонақта болып, алған әсерлерімен бөлісті. Арна тілшісі де сұхбат алып, ұлттық сусынның айналасындағы ой-пікірлерін тыңдап көрді. 


«BaiQymyz-2026» гастрофестивалінде Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейден 60-қа жуық қымыз өндіруші бас қосты. Ұлттық сусынның мерейін үстем етуге бағытталған айтулы шарада Баянауылдың қымызы да көпшілік назарына ұсынылды. Өңір намысын арқалап барған Айбол Қайратұлы фестивальге 400 литр қымыз апарып, туған өлкенің дәмін көпшілікке таныстырды.

Айбол Төлегенов, шаруа қожалық иесі  

Байқымыз-2026 гастрофестивалін әлеуметтік желіден байқаған болатынбыз. Өзіміздің қарапайым ауыл қымызын республикалық деңгейге неге шығармасқа деген ой туып, қатысып келдік. Әсер деген өте үлкен, керісінше ол жақтан біз шабыт, серпіліс , көптеген мотивация алып келдік десек болады. Осы Баянауыл-Торайғыр қымызын республикалық, халықаралық деңгейге шама келгшенше атын шығару. Атын естіген кезде сапамен қатар бірге жүру жоспарда бар.

«BaiQymyz» гастрофестиваліне биыл екінші рет қатысқан Сәтпек Мукин бұл саланың қыр-сырын 30 жылдан астам уақыт бойы меңгеріп келеді. Қазір шаруашылығында 90 сауынды бие бар. Фестивальге екі тоннадан астам қымыз апарған кәсіп иесі ата кәсіпті жалғастыруды өмірлік ісі санайды. 

Сәтпек Мукин, шаруа қожалық иесі 

1992 жылдан бастап мен шаруақожалығының иесімін. Оның алдында 1988 жылы жекеменшік шаруақожалығы ашылған, әкем мен ағам. Әкем өзі өмір бойы жылқышы болған, сол салада әкемнің таяғын ұстап жалғастырып жатырмыз. Қымыз өндіріп, жылқы асырап, асыл тұқымды парода .

Бүгінде бұл кәсіпті Мукиндер отбасы бірлесе дамытып келеді. Халықаралық байқауларға қатысып, ұлттық сусынды шетелде де таныстырып жүр. Олардың айтуынша, мұндай фестивальдер тәжірибе алмасып қана қоймай, қымыздың табиғи өнім ретіндегі құндылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сабина Мукина, «Baiqymyz-2026» гастрофестивалінің қатысушысы

Біз 2008 жылдан бастап, түрлі байқауларға қатысып жүрміз. Тек ғана республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде айтар болсақ Гонконг.Берлин, Лонданда қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Біздің қымызды тек Қазақстан емес әлем біледі. Алдағы уақытта әрине оны жалғастырып, сусынымызды таныту біздің мақсатымыз. Және елімізді, әлемді осындай табиғи өнімге көштіру ғой мақсат.

Елордада өткен «BaiQymyz-2026» гастрофестивалі қымыздың қадірін арттырып, ұлттың тарихы мен дәстүрін жалғаған құндылық екенін көрсетті. Фестиваль алаңында болған Павлодарлық қымыз өндірушілер де өз тәжірибесімен бөлісіп, өңірдің дәстүрлі кәсіпті дамыту бағытындағы еңбегін таныта білді.


Қымбат Садық