Павлодар қаласындағы Академик Бектұров көшесі, 2/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары жертөледе жұмыс істеп тұрған көтерме сауда нысанына қатысты наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, кәсіп нысанының жұмысы тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Ал кәсіпкер тағылған айыптаулармен келіспейді. Мәселенің мән-жайын әріптесім Сабина Жолдаспаева анықтап көрді.
Тұрғындардың сөзінше, соңғы уақытта үйде санитарлық жағдай нашарлап, жәндіктер мен кеміргіштер көбейген. Сондай-ақ тұрғындар жертөледегі инженерлік желілерге қолжетімділік шектеліп, кей кездері су беру жүйесінде де қиындықтар туындайтынын жеткізді. Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтардың ретсіз шығарылатынын алға тартуда. Өз сөздерін растау үшін тұрғындар ұялы телефонға түсірілген бейнежазбаларды да көрсетті.
Гүлсім Карагатеева, Бектұров көшесі, 2/1 үйінің тұрғыны
Осы үйде тұрғаныма 12 жыл болады. Бастапқыда олай болған жоқ. Содан кейін подвалда азық-түлік тұрады ғой жерде, одан кейін тарақандар 9-10 қабатқа дейін барады. Біз осы подвалда босағанын қалаймыз. Біз оны азық-түлік дүкеніне бермейміз. Бұл біздің үй. Біз төлеп отрыдық қоқысты алып кету үшін. Ол кісі төлеген жоқ. Кондиционер қояды рұқсатсыз. Теплообменикке бізде доступ жоқ.
Біздің түсірілім топ жертөледегі көтерме сауда орнына арнайы барып, жағдаймен танысты. Нысан ішінде бөгде иіс немесе тұрғындар айтқан жәндіктер байқалмады. Ал кәсіпкердің айтуынша, нысан заңды негізде жұмыс істеп тұр. Оның сөзінше, тиісті мемлекеттік органдар бірнеше мәрте тексеру жүргізіп, заң бұзушылық анықталмаған.
Олег Сидоров, кәсіпкер
Бұл жерде заңды түрде жұмыс істеп отырғанымды растайтын сот шешімдері бар. Сот барлық құжаттарды жан-жақты қарап, менің бұл нысанды заңды негізде жалға алып отырғанымды растады. Жалға алу ақысын уақытылы төлеймін. Мен бұл ғимаратты сатып алудан бас тартқаннан кейін осындай жағдай туындады деп ойлаймын. Осы орынжайды 2000 жылдан бері, яғни 26 жыл бойы жалға алып келемін. Жалға алу туралы келісімшарт ресми түрде тіркелген. Маған қатысты айтылып жатқан тарақан, тышқан бар деген айыптаулар шындыққа жанаспайды. Мұның барлығын құзырлы органдар тексерген. Сондықтан мұны негізсіз айыптау деп есептеймін.
Қазіргі таңда тараптардың ұстанымы екі түрлі. Тұрғындар көтерген мәселе бойынша өз талаптарының орындалуын қаласа, кәсіпкер қызметінің заң аясында жүзеге асырылып жатқанын алға тартады. Сонымен, даулы мәселеге қатысты түпкілікті шешімді құзырлы мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнама аясында қабылдауы қажет.
Сабина Жолдаспаева