Павлодар облысында «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы өтті. Дәстүрлі дода Щарбақты ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қазақ жігітінің күш-қайраты, ептілігі мен өнері сыналған байқаудың қалай өткенін тілшіміз баяндайды.
Щарбақты ауданында өткен байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар жеребе тартып, ұлттық спорт түрі – аударыспақтан сынға түсті. Одан кейін садақ атудан мергендіктерін байқатты. «Жігіт сұлтаны» байқауы өңірде жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Дулат Құрманбаев, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығы басшысының орынбасары
Бір ай бұрын біз іріктеу өткіздік. Бүгін соның финалын жасап жатырмыз. 12 жігітті іріктеп алып бір ай бойы оларды дайындықтан өткіздік. Бұл байқау шаңырақ орталығының ұйымдастыруымен Щарбақты ауданының қолдауымен өтіп жатыр.
Байқауға бастапқыда 25 үміткер қатысуға ниет білдірген. Іріктеу нәтижесінде үздік 12 жігіт финалға жолдама алды. Әр кезеңді өз саласының мамандары бағалады. Мәселен, қару-жарақты шашып-жинау сынында әскери қызметшілер төрелік етсе, қатысушылар жауынгерлік киім киіп, әскери даярлықтарын көрсетті.
Рақымжан Шайқағали, қатысушы
Ең кеңжесі ең бірінші бастап жатқан мен ғой. Қиынға соғып жатқан жоқ. Аллаға шүкір.
Жайдар Құнанбай, қатысушы
Ерекше әсер қалдырған аударыспақ негізі. Өзім күтпедім финалға дейін шықтым. Финалда үшінші орын иелендім.
Додаға қатысушыларды қолдауға келген көрермендер де аз емес. Жанкүйерлер әр кезеңді қызыға тамашалап, өз үміткерлеріне қолдау көрсетті.
Камила Шорманова, жанкүйер
Шорманова Арсен қатысушыны қолдап ауылдан келіп отырмын. Жалпы, өзім 2025 жылы ертіс аруы атағын иеленіп осындай сайысқа қатысқан болатынмын. Сондықтан, қолдаймын. Мен Ертіс аруы, ал жұбайым Жігіт сұлтаны болса керемет болады деген сенімдемін.
Байқаудың келесі кезені көрерменді таңқалдыруға бағытталды. Қатысушылар бірден күштері мен баптарын көрсетуге тырысты бірі көлікті тісімен сүйретсе, бірі қозғалыстағы көлікті тоқтатты. Ал енді бірі жүк көлігін мойынымен тартып көрерменнің ықыласына бөленді.
Еламан Қабидолла, қатысушы
Бүгінгі таңқалдыру сайысында автоколікті тісіммен тарттым. Дайындық барысында қобалжыдым. Тісімнен айырылып қаламын ба деп. Бірақ жоқ. 2 тонналық көлікті тартып көрдік.
Сайыстың қорытынды бөлімінде жігіттер сахнада өнерлерін паш етті. Жеңімпазға арнайы белдікті өткен жылғы «Жігіт сұлтаны» атағының иегері салтанатты түрде табыстады.
Айбек Байжасаров, «Жігіт сұлтаны-2025» жеңімпазы
Енді осы жылғы дода өте ауқымды өтіп жатыр. Сондықтан жеңіске мықтылар жетеді деп ойлаймын. Бұл белбеу, өткенжылғы жеңімпаз болғандықтан биылғы мықтыға табыстаға арнайы келіп отырмын.
Айта кетейік, бас жүлде иесіне дәстүрлі белдікпен бірге 500 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Биылғы «Жігіт сұлтаны» атағын Екібастұз қаласының қатысушысы жеңіп алды.
Байтұрсын Жұмабай