Қытайдың Ордос қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте қола жүлдеге ие болды. Ел намысын қорғаған төрт спортшының екеуі павлодарлық. Халықаралық додадан жүлдемен оралған спортшыларды теміржол вокзалында туған-туыстары, достары мен әріптестері салтанатты түрде қарсы алды. 


Қарсы алуға жиналған жақындары спортшыларды гүл шоқтарымен, көк байрақпен қарсы алып, жылы лебіздерімен құттықтады. Павлодарлық Мария Шувалова мен Анастасия Цвиркунова 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, команданың үздік нәтиже көрсетуіне өз үлестерін қосты.

Мария Шувалова, жеңіл атлетикадан спорт шебері

Жеңіл атлетика бірнеше бағытты біріктіретін қызықты спорт түрі. Оның құрамына жүгіру, секіру, лақтыру және көпсайыс кіреді. Маған әсіресе эстафеталық жарыстар ұнайды. Бұл адамға табиғи қозғалыстарға негізделген спорт. Басқа командалық ойындардағыдай күрделі қимылдарды меңгерудің қажеті жоқ. Ең бастысы техниканы жетілдіріп, өз мүмкіндігіңді толық пайдаланып, жылдам жүгіру.

Анастасия Цвиркунова, жеңіл атлетикадан спорт шебері

Ең қиыны ұзақ жол болды. Ал жарыстың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Осындай ауқымды халықаралық додада атмосфера ерекше әсер қалдырды. Барлығы өте әдемі әрі қызықты ұйымдастырылған. Ол сезімді сөзбен жеткізу қиын. Жарыс төрт күнге созылды. Өз нәтижеме жаман емес деп баға беремін, әрине бұдан да жақсы көрсетуге болатын еді. Команда болып жақсы дайындалып, нәтижесінде жүлделі үштікке ендік.

Бүгінде павлодарлық жеңіл атлеттер халықаралық ареналарда ел намысын лайықты қорғап жүр. Мұндай нәтижелердің артында үздіксіз жаттығу мен бапкерлердің қажырлы еңбегі тұр.

Дархан Жоламанов, жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы

Жеңіл атлетика негізінде «королева спорта» дейді орысша айтқанда. Бұл спорт түрі өте пайдалы, жастарға жақсы спорт түрі. Олимпиада ойындарына да кірген спорт түрі. Біздің өңірімзіде де бұл спорт түрі жақсы, қарқынды дамып келе жатыр. Оған соңғы кездері Азия чемпионаттарында, Қазақстан біріншіліктерінде алып жүрген жүлделеріміз дәлел. Спорт басқармасынан және әкімшілік жағынан қолдау көрсетілуде қазіргі таңда. 

Азия чемпионатындағы табысты өнерден кейін спортшылар жаттығуды қайта бастайды. Алда оларды Астанада өтетін ел чемпионаты күтіп тұр. Сол жарыста сәтті өнер көрсетсе, қыркүйекте Жапонияда өтетін Жазғы Азиадаға қатысуға мүмкіндік алады.


Сабина Жолдаспаева