Ел тарихында құрылтай мемлекет басқару ісінде айрықша рөл атқарды. Бұл алқалы кеңесте маңызды мәселелер талқыланып, ортақ мәміле жасалып, ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданған. Ал бұл тарихи дәстүр бүгінгі таңда қалай жаңғырып отыр? Келесі сюжетте.
Ұлттың келешегі мен ел тағдырын айқындайтын айрықша жиындар – құрылтайлар ғасырлар бойы халқымыздың бірлігі мен ынтымағының көрінісі болды. Ата-бабаларымыз мемлекеттің іргелі мәселелерін «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөзге сүйене отырып, көптің пікірі мен ортақ келісіммен шешіп отырған.
Алмас Кенжеғалин, тарих білім беру бағдарламасының PHD докторанты
«Тарихқа жүгінетін болсақ, «құрылтай» сөзі бізде көне түркі дәуірінен бастап келе жатыр. Құрылтайда елдің билері, барлық хандары жиналып, осы елдің болатын түбегейлі өзгерістерін сол жерде талқыға салып, ел болашағына маңызды өзгерістерді қабылдаған болатын. Бұл жерде саяси тұсын айтып өтуге болады және сыртқы жаудан қорғану қажеттілігінен құрылтай арқылы барлық үш жүзіміз біріккен болатын кезінде. Елдің маңызды деген өзгерістері осы құрылтай шешімімен жүзеге асып отырған болатын. Ордабасыда өткен құрылтайды айтуға болады, кейінгі Орынборда өткен құрылтайды айтуға болады. Ол кездегі Алаш қозғалысы дейміз, ұлт зиялылары Алаш автономиясын құру туралы жариялаған болатын.»
Осылайша, тамыры тереңде жатқан «құрылтай» ұғымы бүгінгі таңда қайта жанданып, жаңа мазмұнға ие болып отыр. Жаңартылған Конституцияға сәйкес, қос палаталы Парламент орнына бір палаталы Құрылтай еліміздегі заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде бекітілді. Бұл ретте Құрылтай депутаттарын сайлау үдерісі халықтың таңдауына негізделеді.
Жұлдыз Қабылденова