Павлодарда кезекті рет «Қызмет алушылар күні» аталып өтті. Онда қала тұрғындары мемлекеттік қызметтер, емханаларға тіркелу және дәрі-дәрмекпен қамтылу мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды. Толығырақ – келесі сюжетте.



Алдын ала жазылусыз және кезексіз сұрақтарға жауап алу. Павлодар тұрғындарына денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтерге арналған «Қызмет алушылар күні» аясында дәл осындай мүмкіндік берілді.

Бұл акцияны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Тұрғындарға денсаулық сақтау басқармасының, емханалардың, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің мамандары кеңес берді. Әрбір азамат мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша түсініктеме алып, сала мамандарына тікелей жүгіне алды.

Анжела Виноградова, Қазақстан республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басқармасының басшысы

«Бүгін облыс тұрғындары денсаулық сақтау басқармасы, емханалар, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мамандарынан кеңес алып, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтерді алуға қатысты толғандырған сұрақтарын қоя алады. Мұндай шаралар мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен әр түрлі сала бойынша ай сайын өткізіліп тұрады.» 

Кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік қызмет түрлерін қолжетімді етіп, мемлекеттік органдар мен өңір тұрғындары арасында ашық диалог орнату. Мұндай шаралар азаматтарға жедел кеңес беріп қана қоймай, шешуді қажет ететін түйінді мәселелерді анықтауға көмектеседі.  

Шолпан Меңдібаева, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы

«Көбінесе медициналық ұйымға тіркелу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақтар қойылады. Бұл шараның арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықпен ашық диалог орнату, сондай-ақ туындаған мәселелерді шешуге көмектесу көзделген.» 

Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында орын алған заңбұзушылықтар туралы онлайн режимде де шағымдануға болады. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әзірлеген EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы тұрғындар өз өтініштерін жолдап, қызмет сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын жеткізе алады. Өз кезегінде, ХҚО-ға келген ондаған азамат мамандардан тікелей кеңес алу мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Көпшілік мұндай форматтың уақытты айтарлықтай үнемдеп қана қоймай, бір мезгілде бірнеше мәселенің түйінін тарқатуға көмектесетінін алға тартты.

Бағла Хасенова, Павлодар қаласының тұрғыны

«Бүгін осындай шара өтеді дегенді естіп, қатысуға келдім. Денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше сұрағым бар еді. Кеңес берушілер көмектесіп, сауалдарыма толық жауап берді. Ұйымдастырушыларға көп рақмет! Өзіме. Мұндай шараларды өткізуді дұрыс деп санаймын. Себебі халық үнемі денсаулық сақтау мекемелеріне арнайы уақыт бөліп бара алмайды. Ал осылай бәріне қолжетімді жерде орналасқаны өте ыңғайлы болды.»

Құнанбай Садетов, Павлодар қаласының тұрғыны

«Бүгін халыққа қызмет көрсету орталығына өз шаруаларыммен келгенмін, бір маман жақындап, қандай көмек керек екенін сұрады. Осындай мүмкіндік туындап тұрған соң, неге қолданбасқа? Өтініш жасадым, мамандар бәрін түсіндіріп берді. Ұнады, бәрі өте жақсы.» 

Мұндай шаралар әрі қарай да жалғасын табады. Қала тұрғындары ай сайын түрлі сала мамандарынан кеңес алып, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы түрде пайдалана алады.


Жұлдыз Қабылденова