Жыл сайын тамыздың алғашқы жексенбісінде еліміздің теміржолшылары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Атаулы күнмен қатар, Ақсу-Дегелең теміржол учаскесінің 25 жылдығы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында аталып өтті. Ұзақ жыл осы салада қызмет етіп, еңбегі еленгендер марапаттарға ие болды.
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов теміржол саласының ел экономикасының күретамыры екенін атап өтті. Ол өңір дамуына зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Биыл Ақсу-Дегелең теміржол желісінің ашылғанына – 25 жыл. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш теміржол магистралі өңір экономикасына серпін берген, қазір де бұл жол жолаушылар мен жүк тасымалында маңызды рөл атқарып келеді.
Төл мерекелері қарсаңында кәсібилігі мен ісіне адалдығы үшін бірқатар сала маманы марапатталды. Олардың қатарында теміржол саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Әділбек Исупов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. Оның ата-анасы мен бауырлары да осы салада қызмет еткен, ал қазіргі таңда төрт баласы да әкесінің жолын жалғастыруда.
Әділбек Исупов, Ерейментау жол дистанциясының өндірістік учаскесі бастығының орынбасары
«Мен бұл салаға әкемнің шақыруымен келдім. Ренішім жоқ. 38 жыл жұмыс істеп келемін. Жолшы болып қызмет атқардым, 3 жыл жөндеуші болдым, кейін бригадир болып 18 жыл еңбек еттім. Шамамен 9 жылға жуық жол шебері болып жұмыс істедім. Басшылығым осы марапатқа мені ұсынғанына қуаныштымын. Көп рақмет! Бұған дейін мерейтойлық медальдарға ие болғанмын.»
Сонымен қатар, Ақсу-Дегелең теміржол желісінің салынуына, қалыптасуына және дамуына үлес қосқан сала ардагерлері мен мамандары марапатталып, оларға мерейтойлық медальдар табысталды.
Бұған қоса, өмірден өткен бірнеше теміржолшының есімдері кейінгі буынға үлгі етіліп, олардың туыстарына мерейтойлық медальдар табысталды. Бұдан кейін теміржол саласының ардагерлері ізгі тілектерін жеткізді. Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін шара мерекелік концертке ұласты.
Жұлдыз Қабылденова