Павлодарлық ұстаздардың еңбегі мектептерге таратылды
Мемлекет басшысы тамыз конференциясындағы «Білім болашағы» көрмесі аясында 3-сынып оқушыларының математика сабағына қатысқаны белгілі. Сол сабақта қолданылған оқулықты әзірлеуге павлодарлық ұстаздардың қатысқанын білдіңіз бе? Әдістемелік кешен авторларының бірімен әріптесім тілдесіп қайтты.
Оқулық жазу – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс. Бұл бағытта былтыр мамыр айында жазыла бастаған оқулық бір жылдан аса дайындалып, жіті тексеру мен сараптамадан өтіп, ресми түрде жарық көрді.
Оқулық дайындауда халықаралық тәжірибеге сүйену білім сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі болды. Бұл ретте озық әрі тиімділігі жан-жақты дәлелденген заманауи әдістемелер кеңінен қолданылды.
Оқулықта лексикалық тақырыптар сабақ мазмұнымен ұштастырылған. Соның арқасында балалар математика негіздерін меңгеріп қана қоймай, табиғат, уақыт, өнер, еліміздің атақты тұлғалары, демалыс мәдениеті және өзге де сан алуан тақырыппен кеңінен танысады.
Рустам Сағымбаев, №47 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі
«Оқулық жазу барысында өзінің талаптары бар екен. Өзінің негізгі критерийлері бар, құндылықтарды негіздеу, жалпы бала тәрбиесіндегі негізгі маңызды факторлар, одан кейінгі ұлтаралық қатынас, лексикалық тақырып пен жаңа тақырып деген бар. Соның барлығын бір сабақта ұштастыру шығармашылықты талап етеді екен.»
Әдістемелік кешен жалпы таралымы 220 мың дана болатын оқулықтың екі бөлімінен, төрт математика дәптерінен, 1000 есепті қамтитын жинақтан, мұғалімдерге арналған нұсқаулық пен электронды нұсқадан тұрады. Бүкіл Қазақстанға таратылған бұл оқу құралы бойынша оқушылар сабақ оқуға дайын. Ал кейіпкеріміз алдағы уақытта бірінші сыныпқа арналған оқулықты да әзірлеу жоспарда бар екенін айтты.
Жұлдыз Қабылденова