Негізгі Жаңалықтар Кеншілер күніне орай ауқымды концерт өтті

Кеншілер күніне орай ауқымды концерт өтті

Екібастұз көмірі аймағымыздың ғана емес, бүкіл республикамыздың экономикасында маңызды орын алады. Осы саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген екібастұздық кеншілер кәсіби мерекесін атап өтті. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік. 


Кеншілер күні – жергілікті тұрғындар үшін әрқашан ерекше маңызға ие мереке, себебі қаланың тыныс-тіршілігі осы бір өнеркәсіп саласымен тығыз байланысты. Осыған орай кеншілердің кәсіби мерекесін атап өтіп, құттықтау үшін «Өнер» мәдениет сарайының алаңына халық көп жиналды. 

Екібастұз кеншілері аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың осы қажырлы еңбегін қала әкімі Аян Бейсекин арнайы атап өтті.

Кенші кәсібі қатаң тәртіпті, үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті қажет етеді. Осындай еңбегі пен табандылығының арқасында өз ісінің үздігі атанған бірқатар сала маманы марапатқа ие болды.

Мерекелік іс-шара концертпен жалғасты. Алдымен сахнаға жергілікті өнерпаздар шықты. 

Кеншілерді құттықтауға еліміздің танымал эстрада жұлдыздары келді. Досымжан Таңатаров әсем әндерін тарту етіп, мереке иелеріне ақжарма тілектерін жолдады.

RAIM мен LUCAVEROS, әсіресе, жастардың көңілінен шықты. Көрермен сүйікті әншілерімен бірге қосыла ән шырқап, би де биледі. Осылайша, өнерпаздар кеш сәнін келтірді.

Екібастұз тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күйді арттыру үшін бұл жолы шетелдік эстрада жұлдыздары да шақырылды. Атап айтқанда, сахна төрінде SEVAK, Aura Dione және EVA SIMONS сияқты танымал әншілер өнер көрсетті.

Жұлдыз Қабылденова 



Бөлісу

Аймақтық телеарналар