Негізгі Жаңалықтар Қызмет пен отбасын ұштастырған ана

Қызмет пен отбасын ұштастырған ана

Қызмет пен отбасын қатар алып жүру – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алты баланың анасы Әсел Әубәкірова үшін бұл – күнделікті өмірдің бір бөлігі. Ол 20 жылдан астам уақыттан бері полиция саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде жауапты қызмет пен көпбалалы отбасының қамын қатар атқарып жүрген кейіпкеріміздің бір күнін түсірілім тобы бірге өткізді.


Әсел Әубәкірованың жұмыс күні ерте басталады. Таңертең ол алдымен үлкен ұлын мектепке жеткізіп, кейін қызметіне жол тартады. Полиция департаментінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасында аға инспектор болып жұмыс істейді. Негізгі міндеттерінің бірі – басшылық тапсырмаларының орындалуын бақылау және талдау жүргізу. Полиция қызметіне 2004 жылы келген. Бұл саланы таңдауына бала кезінен таныс болған мамандықтың да әсері бар.

Әсел Әубәкірова, Павлодар облысы полиция департаментінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының аға инспекторы

Иә, әкемнің әкесі, яғни атам тергеуші болған. Прокуратурада тергеуші болып жұмыс істеген. Менің осы салаға келуіме сол кісінің де әсері болған шығар. Оны өзім танымасам да,қасиеті берілді деген ойдамын. Маған жағдайды бақылауда ұстаған ұнайды. Біздің бөлім, біздің басқарма бақылау мен талдауға жауап береді. Айналаңда болып жатқан жағдайлардың ортасында жүріп, оны жоспарлай аласың. Барлығын жауапкершілікпен бақылауда ұстайсың. Бұл маған ұнайды.

Алты баланың анасы бола тұра, қызметтегі жауапкершілікті де қатар алып жүру үшін отбасының қолдауы маңызды. Әселдің айтуынша, үйдегі міндеттерді жалғыз өзі атқармайды. Жолдасы, енесі мен балалары қолғабыс етіп, үй шаруасы мен ас дайындауға көмектеседі.

Әсел Әубәкірова, Павлодар облысы полиция департаментінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының аға инспекторы

Бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ. Мен оларға сенім арта аламын. Таңғы асымды ішіп, жұмысқа барамын, түскі асқа келіп, қайтадан қызметке кетемін. Кешке үйге келген соң тамақтанып, өз шаруаларыммен айналысамын. Менің ойымша, ана үшін ең маңыздысы ұйқысы қанып, демалып жүруі. Ана үйге жұмысындағы мәселелерін, шаршауын алып келмеуі керек. Сондықтан көңіл күйіме, жағдайыма мән беруге тырысамын.

Әсел мен Жасланның шаңырағында өзара түсіністік пен ортақ тәртіп қалыптасқан. Ерлі-зайыптылар 2009 жылы танысып, сол жылдың соңында отбасын құруға шешім қабылдаған. Бүгінде олардың алты баласы бар. Жасланның айтуынша, алғашқы кездесулерден-ақ болашақ жарының қарапайымдылығы мен адамға деген ілтипаты көңілінен шыққан.

Жаслан және Әсел Әубәкіровтер, ерлі-зайыпты

Досым мені өзінің туысымен таныстырып еді. 2009 жылдың қыркүйегінде жұбайыммен осылай таныстық. Ал сол жылдың желтоқсанында үйлендік. Әңгімелесіп, көзқарастарымыздың сәйкес келетінін түсіндік. Болашаққа деген жоспарымыз да бір жерден шықты. Сөйтіп, бірге болуға шешім қабылдадық.

Әубәкіровтар отбасында әркімнің өз міндеті бар. Ал алты баламен бірге уақыт өткізуге де мүмкіндік табады. Жақында Әсел көпбалалы ана ретіндегі еңбегі үшін тағы бір марапатқа ие болды. Кейіпкеріміз үшін бұл төсбелгі – көп жылғы еңбегі мен отбасы алдындағы жауапкершілігінің еленгенінің белгісі.

Жаслан және Әсел Әубәкіровтер, ерлі-зайыпты

Әкімдік ғимаратынан шыққан кезде, құжаттарымды тапсырғанымның өзі мен үшін мойындалғандай сезім берді. Ол кезде менің алты балам бар еді, кенжем бір жасқа толған болатын. Мұны бәрі біледі, бәрі мені қолдайды. Бірақ қандай да бір марапаттың орны бәрібір бөлек екен.

Қызметте – тәртіп пен жауапкершілік, үйде – алты баланың анасы. Екі міндетті қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Әсел үшін отбасы мен қызмет бір-біріне кедергі емес, керісінше, өмірінің ажырамас екі бөлігі. Ал осының бәріне үлгеру оның төзімі мен табандылығын күн сайын шыңдап келеді.


Сабина Жолдаспева 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар