«Ертіс» алға бір қадам басты
Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясында «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Бұл павлодарлық команданың жаңа бас бапкер Ерлан Шойтымовтың жетекшілігімен өткізген алғашқы кездесуі болды.
Кездесудің 19-минутында «Ақтөбе» ойыншысы Даниель Соса есеп ашуға мүмкіндік алды. Алайда ол қақпаға жақын жерден соққы жасап, Мирас Рихардты қапы қалдыра алмады. Ал 37-минутта павлодарлықтар қақпасына гол соғылды. Бірінші айналымдағы кездесуде де «Ертістің» қақпасын дәл көздеген Артур Шушеначев бұл жолы да мергендік танытты. Екінші таймда ойынның барысы түбегейлі өзгерді. 50-минутта Рамазан Каримовтың пасынан кейін бразилиялық Леонардо Калил «Ертіс» сапындағы алғашқы голын соқты. Арада үш минут өткенде тағы бір шабуыл нәтижелі аяқталды. Саги Маликайдардың берген пасынан кейін Рамазан Каримов қақпаға соққы жасады. Доп «Ақтөбе» қақпашысы Александр Заруцкийге тиіп, қақпа торынан бірақ шықты. Есептің өзгеруі қонақтарды қанағаттандырмады. Матчтың 85-минутында Даниель Соса тағы да гол соқты. Алайда төрешілер VAR жүйесі арқылы эпизодты тексеріп, шабуылшының офсайдта болғанын анықтады. Сондықтан гол есепке алынбады. Ал негізгі уақытқа қосылған төртінші минутта «Ертістің» қақпашысы Мирас Рихард командасын жеңілістен құтқаратын керемет сейв жасады. Темірлан Ерлановтың қауіпті соққысын қайтарып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Осылайша кездесу 2:1 есебімен «Ертістің» пайдасына аяқталды.
Ерлан Шойтымов, «Ертіс» ФК бас бапкері
Ойынға жақсы дайындалдық. Қарсыластың мықты екенін білдік. Жігіттерге алғыс айтамын, бар күшін салды. Менің талаптарымды түсінді. Кей тұста командалық рухты көтеру керек болды, тактикалық тұрғыдан да өзгерістер енгіздік. Ойыншылар мұны дұрыс қабылдады деп ойлаймын. Жеңіспен жанкүйерлерді, клуб басшылығын және қала тұрғындарын құттықтаймын. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей, әрі қарай жалғастыруымыз керек. Алдымызда міндеттер бар, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Мирас Рихардты негізгі құрамға шығаруға не себеп болды? Бұл мәселені қақпашылар бапкеріне толық сеніп тапсырдым. Қақпашыны таңдауды сол маман шешеді. Оны да осы шешімімен құттықтаймын. Мирас бүгін өз міндетін жақсы атқарды. Богдан Сарнавский де өте жақсы қақпашы. Бірақ бұл кездесуде таңдау Мирасқа түсті.
Бұл жеңіс «Ертіске» турнир кестесінде бір саты жоғары көтеріліп, 13-орынға жайғасуға мүмкіндік берді. Енді павлодарлықтар 5 қыркүйек, сенбі күні Талдықорғанда жергілікті «Жетісуға» қарсы ойнайды. Қазір 19 ұпайы бар «Жетісу» турнир кестесінің соңғы сатысында тұр.
Сабина Жолдаспаева