«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: өзекті ойлар ортаға салынды
Қоғамның дамуы, елдің болашағы және азаматтық жауапкершілік. Осы бағыттағы маңызды мәселелер Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабында кеңінен қозғалған. Еңбекте Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттарына қатысты ой-тұжырымдар жинақталған. Жаңа кітаптың мазмұны зиялы қауым, журналистер, қаламгерлер, білім және мәдениет саласының өкілдері қатысқан жиында талқыланды.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы 21 тараудан тұрады. Кітапта еліміздің қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты мәселелер қамтылған. Жиын барысында қатысушылар кітаптың мазмұны мен қоғамдық маңызына тоқталды. Әсіресе жас ұрпақтың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдениет пен руханиятты дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Кітаптың негізгі өзегінің бірі – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік. Қаламгерлер мен журналистер, білім және мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салды. Олар еңбекте көтерілген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін өзекті екенін атап өтті.
Жаңа жинақта ел дамуының стратегиялық бағыттары ғана емес, қоғамның әр мүшесіне қатысты жауапкершілік мәселелері де қамтылған. Сондықтан кітаптағы ойлар мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, жастарға, кәсіпкерлерге, білім мен мәдениет саласының өкілдеріне және жалпы қоғамға ортақ маңызды бағыт ретінде бағаланды.
Сабина Жолдаспаева