Жауапсыздық құны
Aqtogai Milk компаниясының алты қызметкерінің қазасына байланысты бес лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылады. Арнайы жүргізілген тексеру нәтижесінде сүт фермасы басшылығы мамандарды мұндай жағдайда жұмыс істеуге оқытпағаны және оларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпегені анықталды.
Үкіметтік комиссия Ақтоғай ауданының Жоламан ауылындағы Aqtogai Milk сүт өңдеу кәсіпорнында болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеуді аяқтады. Комиссия кәсіпорын басшылығының кінәсін толық, яғни 100 пайыз деп таныды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, кәріз құдығында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірі күкіртсутек газынан уланып қалған. Оған көмектеспек болған әріптестері құдыққа кезек-кезек түскен. Алайда төменгі бөлікте улы газдың жоғары концентрацияда екенін білмеген олар да қауіпті аймаққа кіріп, салдарынан алты адам қаза тапты.
Асқар Қапанов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы
Алдымен кәмелетке толмаған жұмысшы қаза тапты. Қалған қызметкерлер оны құтқаруға әрекет жасаған. Алайда олар да қайғылы жағдайдың құрбаны болды. Өлімге күкіртсутектің улы буларынан улану себеп болған. Комиссия жазатайым оқиғаның негізгі себептері ретінде жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеуді, газ талдағыштың болмауын және қызметкерлердің тиісті дайындықтан өтпеуін атады. Кәсіпорынның кінәсі толық көлемде, яғни 100 пайыз деп анықталды. Жауапкершілік бес лауазымды тұлғаға жүктелді. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін кәсіпорынға шамамен 16 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары берілді.
Тергеу барысында тағы бір елеулі заң бұзушылық анықталды. Электронды еңбек шарттарының бірыңғай жүйесінде ақпарат болғанына қарамастан, кәсіпорында қаза тапқан кәмелетке толмаған жұмысшымен жасалған еңбек шартының қағаз нұсқасы болмаған. Ол кәсіпорында бағбан болып жұмыс істеген. Яғни жасөспірімнің іс жүзінде ресми түрде жұмысқа қабылданбағаны анықталды.
Ермек Сапаров