Тазы - жеті қазынаның бірі
3 қыркүйек – қазақы тазы күні. Жеті қазынаның бірі саналатын тазы – қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі. Бүгінде бұл тұқымның мәртебесі артып, оны сақтау мен көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Ал тазының ерекшелігі неде және оны баптауда нені ескеру қажет? Толығырақ алдағы сюжетте.
Тазы -қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл тұқымы. Жақсы бапталған тазы сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Ал өткір көру қабілеті оған аңды алыстан байқауға мүмкіндік береді. Бүгінде тазы тек аңшылықтың ғана емес, ұлттық мұраның бір бөлігі саналады. Соңғы жылдары оны сақтау, көбейту және халықаралық деңгейде таныту бағытында жұмыстар күшейді.
Сабина Жолдаспаева, тілші
Сырт көзге сабырлы көрінгенімен, мына тазының бойында табиғат берген ерекше қасиет бар. Жылдамдық, алғырлық, төзімділік. Осы ерекшеліктердің арқасында ол ғасырлар бойы қазақтың сенімді серігіне айналған. Ал бүгін бұл тұқым неге ерекше бағаланады? Қазір бірге білеміз.
Бұл Сұлу. Сымбатты дене бітімі, жеңіл қимылы мен сабырлы мінезі бірден көзге түседі. Ол түрлі республикалық және халықаралық көрмелерде бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Ал Заман талай байқауда топ жарып жүрген тазы. Жүйріктігімен, төзімділігімен және мінезінің байсалдылығымен ерекшеленеді. Жақында Астанада халықаралық дәрежедегі иттер көрмесінде қазақы тазы Сұлу жоғары баға алып, тұқымның халықаралық талаптарға толық сай келетінін дәлелдеді.
Мұрат Касаев, тазы өсіруші
Екі жыл тазы ұстаймыз. Арлан бар және қаншық бар. Арлан тазының есімі Заман. Ал қаншық тазының есімі Сұлу. Екеуіне де 2 жыл болды. Өзі сондай сабырлы иттер, таза иттер, ақылды иттер.
Мамандардың айтуынша, тазының басты ерекшелігі оның адаммен тез тіл табысуы. Ол иесіне адал, сезімтал әрі өте сабырлы келеді. Сондықтан бүгінде қазақы тазыны тек аңшылық үшін емес, отбасының сенімді серігі ретінде де асырап жүргендер көбейген.
Сабина Жолдаспаева