Халықаралық қайырымдылық күні
Қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға материалдық көмек беріп, рухани демеу болатын бірден-бір орын – «Ана үйі». Ал, бұл үй қамқорлыққа толы. 5 қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күні қарсаңында қоғамға мейірім мен жанашырлық сыйлап жүрген жандар туралы келесі бейнематериалдан көріңіздер.
Қазір павлодарлық «Ана үйінде» жеті ана мен сегіз бүлдіршін пана тауып отыр. Мұндағы басты мақсат – тек қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз ету емес, әр ана мен баланың қауіпсіздігіне кепілдік беру. Қиын жағдайда қалған жанды сыртқы қауіп-қатерден қорғап, отбасылық түйткілдерден тасада ұстаумен қатар, білікті психологиялық көмек көрсету маңызды рөл атқарады. Мұндай көмек тегін көрсетіледі.
Салтанат Сипатилова, «Ана үйі» ҚҚ Павлодар қаласының өңірлік өкілі
«Қоғамдық қор» аталғанымызбен, көрсетілетін жәрдем аналар үшін толықтай тегін болғандықтан, мұны қайырымдылық деп те атауға болады. Бұл істі жалғыз өзіміз атқарып жатқан жоқпыз. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға көмек қажет екені туралы жазба жарияласақ, бірден қол ұшын созуға дайын тұратын жан көп. Қажеттілік туындаған кезде, сәбилерге арналған тағамдар, жөргектер немесе киім-кешектер лезде табылады. Сондықтан Павлодар қаласының бауырмал, мейірімді тұрғындарына алғысымыз шексіз. Қайырымдылық көрсетіп жүрген барлық еріктіге алғыс айтатын осындай күннің бар болғаны қандай жақсы! Мұның бәрі қайтарымсыз, таза ниетпен жасалатынын білеміз. Кез келген адам ерікті бола бермейді, сондықтан бұл істің құндылығы жоғары. Бізбен бірге болып, жобаларымызға қолдау көрсетіп жүргендеріңіз үшін көп рақмет!»
Жанашыр жандар мен демеушілердің қолдауының арқасында мұндағы аналар тұрмыстық қиындықтарды еңсеріп, мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік алып отыр. Қажетті көмек пен заттай қолдаудың бәрі уақытылы көрсетіліп, олардың жарқын болашаққа сенімін нығайтады.
Салтанат Сипатилова, «Ана үйі» ҚҚ Павлодар қаласының өңірлік өкілі
Қазақстанның әрбір қаласында «Ана үйі» жұмыс істейді және әр шаһарда үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеп, азық-түлікпен қамтитын меценаттар бар. Мәселен, шұғыл түрде дәрі-дәрмек, жөргектер немесе арнайы қоспалар мен салмақ қосуға арналған тағамдар керек болса, мұндай дүниенің барлығына жалпы бюджеттен ақша бөле алмаймыз. Осындай кезде еріктілер көмекке келеді. Тіпті бейтаныс адамдар да жәрдемдеседі. Олар «бутигіміз жабылып жатыр, балаларға арналған жаңа киімдер әкеліп берейік» деп ұсыныс жасайды. Жақында бір аяқ киім бутигі бізге көптеген қорап аяқ киім мен қысқы күртешелер әкеліп берді. Бұл қазір бізде тұрып жатқан аналар үшін көптік етеді, сондықтан бұрын қамқорлығымызда болған аналармен де бөлісеміз. Біреулер «артық ет бар еді, келіп алыңыздар» дейді. Жақында бізге 40 қап картоп әкеліп берді. Артық болса, қиын өмірлік жағдайға тап болған басқа да қамқорлығымыздағы отбасыларға хабарласып, келіп алуларын сұраймыз.»
Орталықта аналар орта есеппен жарты жылға жуық уақыт тұрақтайды. Дегенмен әр адамның тағдыры әртүрлі болғандықтан, кейбіреуіне бірнеше ай жеткілікті болса, өзгелеріне бұл мерзім бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осы аралықта олар қажетті көмектің барлығымен қамтамасыз етіледі.
Жұлдыз Қабылденова