Негізгі Жаңалықтар Көктөбе ауылында кәсіпкерлерге жағдай жасалуда

Көктөбе ауылында кәсіпкерлерге жағдай жасалуда

Көктөбе ауылының тұрғындарына енді шаш қию үшін ұзын-сонар кезекте тұрудың да қажеті жоқ. Елді мекенде жаңа шаштараз ашылып, ерлерге, әйелдерге және балаларға қызмет көрсетіп келеді. Сұлулық салоны мемлекеттік қайтарымсыз гранттың қолдауымен ашылған.  


Гүлнұр 2024 жылы отбасымен бірге Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға қоныс аударды. Оның көкейдегі басты арманы – бала-шағасымен бірге атамекенге оралып, қазақтығын сақтап қалу. Ол 2009 жылы шаштараз мамандығы бойынша білім алып, осы салада 12 жыл еңбек еткен. Жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімі бүгінде Қазақстанда өз ісін жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр.

Гүлнұр Насуқа, кәсіпкер

Мен енді бұл жерге келген кезде ең алдында істемеймін деп ойладым. Келгеннен кейін бізде ешқандай докумен жұмыс жоқ болғаннан кейін шаш қиятынды ашпасам болмайды екен, жұмыс істеуім керек екен, ары қарай нан жеуім керек деп бастадым. Әкімшілікке бардым, ол кісілер сұрады меннен, не келеді қолыңнан деп. Шаш қия аламын дедім. Онда осы қызметіңізді істеңіз, үкімет сізге көмектеседі деді. Осы кісілердің арқасында мен осындай салон аштым. 

Осылайша, Гүлнұрға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілді. Бөлінген қаржыға ол салон жұмысына қажетті құрал-жабдықтардың барлығын сатып алды. Бүгінде шаштараздың жұмыс істеп тұрғанына бір жылға жуықтады. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына да қолайлы жағдай жасап, қызмет түрлеріне арнайы жеңілдіктер қарастырған. Бұл – ауыл азаматтарына сапалы қызмет көрсетіп, жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетуге бағытталған. 

Гүлнұр Насуқа, кәсіпкер

Мен алпыстан асқан мүгедек кісілерге бір айда 4 адамның шашын ақысыз аламын. Көпбалалы аналар келсе, біреуін тегін алып беремін. Одан басқа меннен барлық жәрдем дайын. Не істеп бер десе дайынмын. Шаш бояймын әйелдердің. Ерлердікі тұрақты баға 1500 теңге, 1-2 жыл осылай жасай берейін деп ойлап тұрмын. 

Кейіпкеріміз алдағы уақытта салонын кеңейтіп, көрсетілетін қызмет түрлері санын арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы, Май ауданында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 8 кәсіпкерге қайтарымсыз грант беріліп, өз кәсібін бастауына және дамытуына қолдау көрсетілген.

Әлия Бағлан, Май ауданы мансап орталығының маманы

Биылғы жоспар бойынша 400 АЕК, 1730 000 мың. Мысалы сұлулық салоны, көбінесе автокөлік жөндеуге, телефон жөндеу, наубайхана, ірі қара мал деп алды, жылқы шаруашылығына алады, қой шаруашылығына алады. Әртүрлі бағытта ала береді. 

Айта кетейік, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, қандастарға, көпбалалы отбасыларға, атаулы көмек алушылар, мүгедектігі бар азаматтарға беріледі. 

Самал Қалиқызы



Бөлісу