Негізгі Жаңалықтар Қаламгер рухына тағзым

Қаламгер рухына тағзым

Павлодарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы әрі журналист Ахат Жақсыбаевтың рухы есімі ұлықталды. Қаламгердің өзі білім алған мектепте мемориалдық тақта орнатылып, арнайы қазақ әдебиеті кабинеті ашылды. Бұл туралы Жұлдыз Қабылденова тарқатсын.

Ахат Имантайұлы 1948–1958 жылдары қазіргі Шапық Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназияда білім алған. Қаламгерді еске алуға оның отбасы мен туыстары, көзін көрген замандастары және зиялы қауым өкілдері жиналды. Қонақтар жылы естеліктер айтып, жүрекжарды арнауларын оқыды.

Қиғашқас Әубәкірова, Ахат Жақсыбаевтың жұбайы

«Бүгін бір өзім үшін, балаларым, туған-туысқандарым үшін бір қуанышты күн. Менің жолдасым Ахат Жақсыбаев, жазушы. Осы Павлодарда туып, павлодардың №9 мектебін 1-9 сыныбын бітірген. Ескі мектеп болмаса да, бірақ ескі мектептің жалауын көтерген мектебіне мемориалдық тақта ашылатыны. Мен ойлаймын біздің қуанышымыз ғана емес, павлодарлықтардың қуанышы»

Іс-шараға қатысушылар, мектеп ұжымы мен оқушылары жаңадан ашылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, Ахат Жақсыбековтың рухына тағзым етті. 

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

«Бүгінгі мемориалдық тақта, жай ғана тақта емес. Бұл осы мектепке білімді азаматтың ел тарихында орны айрықша рухани белгі. Сондықтан бүгінгі бастамаларға ат салысқан мектеп ұжымына, жазушының өмірін зерттеп жүрген зиялы қауымға, бастамаға ат салысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін» 

Бүгінде бұл білім ордасында екі жарым мыңнан астам оқушы білім алса, оның екі жүз отыз алтысы қазақ тіліндегі сыныптарда оқиды. Мектеп директорының айтуынша, жаңадан ашылған кабинет шәкірттердің Ахат Жақсыбаевтың әдеби мұрасымен тереңірек танысып қана қоймай, өз қабілеттерін шыңдауына да үлкен септігін тигізетін алаңға айналмақ.

Динара Темірбаева, Шапық Шөкин атындағы ЖОББ гимназия-мектебінің басшысы

 «Бүгінгі күні Ахат Жақсыбаев атындағы қазақ әдебиеті кабинетін ашып жатырмыз. Мақсат біріншіден осы 2600-ге жуық баланы осы Ахат Жақсыбаевтың шығармашылығымен таныстыру. Жалпы жас қаламгерлер мен әдебиетсүйгіштерді тәрбиелеу. Отансүйгіштікке, мектепті құрметтеуге, үлкенді сыйлауға сондай сезімдерді ояту. Екіншіден бұл жай ғана оқу бөлмесі болмайды, Ахат ағамыздың әдебиеттегі өнерінен нәр алуға мүмкіндік беретін шеберхана болады» 

Кабинетті ашу идеясын жазушының отбасы сәуір айында ұсынған. Мектеп басшылығы бұл бастаманы қуана қолдап, нәтижесінде жаңа оқу жылының басында жаңарған арнайы кабинет оқушыларға есігін ашты. Мұнда қаламгер әрі журналистің кітаптарымен қатар, отбасы арнайы табыстаған өзінің жеке заттары да сақталған. Осылайша, кезінде осы білім ордасында білім алған біртуар тұлғаның есімі ұлықталып, оның өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі болмақ.

Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу