Мұнай-газ саласының мамандары марапатталды
Елімізде қыркүйектің алғашқы жексенбісінде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында Павлодар қаласында сала үздіктеріне құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, өндірісте өз ісімен ерекшеленген 12 қызметкердің есімі кәсіпорынның Құрмет тақтасына енгізілді.
Салтанатты жиында мұнай өңдеу ісіне еселі үлес қосып жүрген бірқатар маман марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында өндірісте жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкерлер де бар. Бірі – технологиялық үдерістің үздіксіз жүруіне жауап берсе, енді бірі өндірістік қауіпсіздік пен жабдықтардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Әрқайсысының еңбегі кәсіпорынның тұрақты жұмысына өзіндік үлес қосады.
Бауыржан Сейсембаев, күкірт өндіру қондырғысының 5-разрядтағы операторы
Менің жалпы жұмыс өтілім 20 жыл. Біздің жұмысымыздың мақсаты мұнайдан күкіртті айырып алу және оны өндіру. Жаңа маман таңдайдын жастарға айтатыным, дұрыс мамандық таңдап, әсіресе еліміздің мұнай көп сондықтан мұнай саласын таңдау қажет. Бір жақсы маманы болу керек.
Шара барысында сала мамандарына арнайы куәліктер табысталып, төсбелгілер мен медальдар тағылды. Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар да өз иелеріне тапсырылды. Ал кәсіби шеберлігімен және көп жылғы еңбегімен ерекшеленген үздіктердің есімі Құрмет тақтасына енгізілді. Бұл – мамандардың еңбегіне берілген жоғары бағаның бірі.
Марапатқа ие болғандардың әрқайсысының еңбек жолы – салаға деген адалдықтың үлгісі. Бірнеше онжылдықты өндіріс орнында өткізген мамандар кейінгі буынға тәжірибесін беріп келеді.
Әсембек Ақтамбаев, электр жабдықтарын жөндеу учаскесінің бастығы
Мен осы зауытқа 2012 жылы 1 ақпанда келдім. Содан бері электромонтер болдым сосын 2017 жылдан бастап электржабдықтаушы қызметінің басшысы болып тағайындалдым. Осында қызмет істкеп келемін. 15 жыл болды. Барлық азаматтарды келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Отбасына амандық, заманымызға тыныштық, тек жақсылық болсын.
Марапат – көп жылғы еңбектің лайықты бағасы. Павлодарда мұнай өңдеу саласының мамандарына көрсетілген құрмет олардың кәсіби жауапкершілігі мен өндіріс дамуына қосқан үлесін айқындайды. Білікті мамандардың еңбегі өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға өз септігін тигізіп келеді.
Сабина Жолдаспаева