Аграрлық-техникалық колледждің дамуы
Тереңкөл ауданындағы аграрлық-техникалық колледжде «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі» және «Бухгалтерлік есеп» бағыттары бойынша мамандар даярланады. Биыл онда тағы екі жаңа мамандық ашылды. Енді мектеп түлектері алысқа бармай ақ «Агрономия» және «Маркетинг» мамандықтарын иегереді. Ал 1 қазаннан бастап колледжде А, А1, В, С және С1 санаттары бойынша оқытатын авто-мектеп те жұмысын бастайды.
Оқу орнының басшысының айтуынша, колледжде авто-мектеп ашу – бұған дейін болмаған тың жоба. Мұнда студенттер жеңіл және жүк көлігін, сондай-ақ тракторды басқаруды имитациялайтын арнайы симуляторларда көлік жүргізу дағдыларын шыңдай алады. Ал колледждің практикалық сабақтарға арналған материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары өткен жылдан басталған.
Рашид Ғабидулин, аграрлық-техникалық колледждің басшысы
Өткен жылы облыс әкімдігі бізге 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді. Сол қаражатқа жаңа техникалар сатып алдық. Атап айтқанда, трактор, сепкіштер, шағын трактор, шөп шабатын техника, шөп жинағыш және студенттердің практикалық сабақтарына қажет басқа да құрал-жабдықтар алынды.
«Тамақтандыруды ұйымдастыру» бағыты бойынша білім алатын студенттер үшін де өткен жылы жаңалық болды. Олар үшін жаңа зертхана ашылды. Мұнда әр студентке жеке жұмыс орны қарастырылған және түрлі тағамдар дайындауға қажетті барлық құрал-жабдық бар.
Гүлназ Ахмедиянова, өндірістік оқыту шебері
Бізде әр студентке арналған жеке қолжуғыш, электр плитасы, таразы, еттартқыш, блендер бар. Яғни студенттерге қажетті барлық құрал-жабдық қарастырылған. Жылыжайымыз да жұмыс істеп тұр. Сондықтан көкөністерді іс жүзінде сатып алмаймыз, өз бақшамыздан аламыз. Сонымен қатар үшінші курс студенттері түрлі дайындық жұмыстарын жүргізеді: консерві, шырын дайындаймыз. Өткен жылы асқабақ пен сәбіз шырынын жасадық. Борщқа қажетті өнімдерден және түрлі салаттарға арналған көкөністерден мұздатылған дайындамалар, жартылай фабрикаттар әзірледік.
Үшінші курс студенті София Кукота бірнеше айдан бері оқуын кафеде жұмыс істеумен қатар алып жүр. Ол жерде салаттар мен ыстық тағамдар дайындап, колледжде алған кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Оның айтуынша, жаңа зертхана мамандыққа деген қызығушылығын одан әрі арттырған.
София Кукота, III курс студенті
Оқуға деген ынтам одан сайын артты. Құрал-жабдық көп, кеңістік те жеткілікті. Барған сайын көбірек тағам дайындағың келеді. Өте қызықты әрі тартымды. Жаңа тағамдар әзірлеп, оларды безендіріп, адамдарға ұнайтындай әрі дәмді болуына мән бересің.
Практикалық дағдылар маңызды тағы бір бағыт – дәнекерлеу ісі. Студенттер оқу барысында-ақ металмен жұмыс істеп, аудан тұрғындарына қажетті тұрмыстық бұйымдар жасайды.
Виктор Денисенко, өндірістік оқыту шебері
Қазір бізде түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Металл сатып алып, одан тұрғындарға арналған бұйымдар жасаймыз: мангалдар, әткеншектер, қақпалар. Кейін дайын өнімдерді сатамыз да, түскен қаражатқа қайтадан металл сатып аламыз. Балалар бос отырмайды, үнемі жұмыспен айналысады. Үшінші курстан кейін студенттерге «электргазбен дәнекерлеуші» 3-разряд біліктілігі беріледі. Осыдан кейін олар шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасады, кейбірі Павлодарға барып, зауыттарға жұмысқа тұрады. Жалпы, бұл мамандыққа сұраныс жоғары.
Колледждің дамуы облыстық деңгейде де жоғары бағаланды.
Бүгінде колледжде 249 студент білім алады. Оның 105-і биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға түскен. Басқа аудандардан келген студенттер үшін жатақхана қарастырылған. Жатақханада тұру тегін. Сонымен қатар студенттер күн сайын ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Колледжде басты назар практикалық дайындыққа аударылады. Бұл жұмыстың нәтижесі түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткішінен де көрінеді. Өткен жылы колледжді 38 студент бітіріп, олардың барлығы жұмысқа орналасқан.
Самал Қалиқызы