Биыл Павлодар облысында қылмыс көрсеткіші  5,2 пайызға  төмендеген. Осы уақытқа дейін заңбұзушылық саны 1000-ға жетті. Олардың қатарында балалармен байланысты қылмыстар да бар.

Жасқайрат Қайыров, ПД бастығының бірінші орынбасары:

Биыл - балалар жылы. Сондықтан біздің жұмыста балаларға баса назар аударылады. Мәселен, кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен өңірде 32 қылмыс анықталды. Олардың басым бөлігі ата-аналардың қарым қатынасынан, әлеуметтік жағдайына байланысты. Сәуір айынан бастап дағдарыс орталығында тұрмыстық немесе зорлық зомбылық көрген әйелдермен, қыздармен арнайы жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бұдан бөлек, кешқұрым көшелерде ата-анасыз жүрген балалар да көптеп кездесетін болған. Жыл сайын полиция бөлімшесіне 5 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала жеткізіледі. Ал, биыл 1000-нан аса көшеде жүрген бала ұсталған.

Түрлі деңгейдегі қылмыстарды ашуға көшелерде орналасқан бейнекамералар септігін тигізеді. Қазір облыс орталығында 117 камера ғана бар, сондықтан құқық қорғаушылар қажеттілік болса түрлі мекеме, ұйымдардың алдындағы 6 мыңға жуық камераның көмегіне жүгінеді. Осы ретте қоғамдық тыңдау мүшелері жол бойындағы қауіпсіздікті қадағалап, көлік апаттарын алдын алу мақсатында өз ұсыныстарын айтты.

Ал, қоғамдық кеңестің төрағасы соңғы уақытта прокуратура, полиция департаменті, сот биік қабырғалармен қоршалып, халыққа қолжетімсіз болып кетті дейді. Бұдан бөлек, қоғамдық тыңдауда басқарма басшылары сөз алып,   мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы барысымен таныстырды.

 

Самал Қалиқызы