Ақбота Болатбекқызы Алматыдағы Қазақстан-Ресей медициналық университетін тәмамдап жатыр. Мемлекеттік емтиханды тапсырған, енді дипломын қорғау ғана қалды. Мамандығы – эпидемиолог. Пандемияға байланысты соңғы семестрді Павлодарда үйінде отырып қашықтықтан өткізді. Елде эпидемиологиялық жағдай ушықпай тұрып-ақ коронавирус жайлы құлағдар болыпты. Өйткені, оқу орнында індеттің кез-келген түрімен қалай күресудің, оның алдын алудың тәсілдерін меңгерткен.
Ақбота Болатбекқызы, студент:
Университетте коронавирус жайлы көптеген ашық сабақтар өткізілді. Қандай тәсілмен берілетінін және оның алдын алу жолдары туралы барлығын ашық сабақтарда презентация арқылы көрсеткен конференциялар өткізіп бәрін мұғалімдер өткізген. Алдын алу, қалай өзін қорғау керек екенін және де оның қаншалықты инфекциялық уақытын көрсеткен, карантин қанша болатынын жәнеде асқынып кету жағдайларын да бізге түсіндіріп, айтып көрсеткен.
Бұрындары санитарлық-эпидемиолог мамандар туралы еміс-еміс естігеніміз ғана болмаса, олардың қызметіне жете үңіліп көрген адам сирек болар. Соңғы кездегі жағдай бізді санитарлық-эпидемиологиялық мамандарға деген құрметімізді арттыра түскендей. Қандай да бір індет ошағына бірінші болып жететіндер эпидемиолог мамандар. Сондықтан олар қатерлі дерт кезінде алдыңғы шептен табылатын мамандар.
Самал Сыздықова, қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының ассистенті, эпидемиолог:
Қандайда бір эпидемиологиялық жағдай болса сол кезде эпидемиологиялық дәрігердің қызметіне, ошаққа барып оны зерттеп, талдап, жаңағы ошақты зерттеу мақсатында эпидемиологиялық дәрігерлер өте маңызды. Эпидемиологиялық дәрігерлер көбініес терапевт, педиатор, инфекционист және осы емханалардағы ауруханалардағы мамандықтармен өте тығыз қарым қатынаста.
Жасыратыны жоқ, әлемді әбігерге салған коронавирус індеті елімізде эпидемиологиялық мамандардың тапшы екенін мойындатты. Біздің облыста кадр жетіспеушілігінен амалсыздан зейнетке шығып кеткен көне көз мамандардың көмегіне жүгінуге тура келді. Сондықтан, биыл эпидемиологиялық мамандықтарға грантты көбірек бөлуді қарастырып жатыр. 10 жыл бұрын медициналық профилактикалық іс деген факультеттер болатын. Қазір эпидемиологтар, қоғамдық денсаулық сақтау факультеттерінде дайындалады.
Ернар Қайырханов, Семей медициналық университеті Павлодар филиалының директоры:
Қоғамдық денсаулық сақтау деген факультет ашылған. Эпидемиология соның ішіне кіреді. Бүгінгі күні үш траектория бойынша мамандарды даярлайды. Ол – гигиена, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау. Үш траектория бойынша даярлайды. Солар, 30 студент осы жылы шығады, Семей мемлекеттік университетінен.
Елімізде қазір пандемияның екінші толқыны басталды, деп дабыл қағып жатыр. Соңғы кездері өлім-жітімнің көбейіп, науқастар санының артқаны осыны айғақтайды. Дегенмен, елдегі мамандар қол қусырып қарап отырған жоқ. Түрлі ғылыми зерттеулер жасап, індеттің етек жайып кетуімен күресіп жатыр.
Самал Сыздықова, қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының ассистенті, эпидемиолог:
Бізде медициналық университетінде үш доктор және бір профессор бар. Біз бірігіп, бір ғылыми жұмысын жасадық. Яғни ол көбінесе осы инфекцияның таралу жолын және оның қандай-қандай симптомдары бойынша таралу жолдарына байланысты ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Ол халықаралық деңгейде журналға бекітілді. Ол журналды оқып қарауға болады.
Рас, эпидемиолог мамандығын оқитындар елімізде санаулы. Өйткені, бұл заңгер, қаржыгер секілді атағы дардай мамандықтардың қатарынан емес. Әйтсе де, дипломы бар талай заңгер мен қаржыгердің басқа салада тентіреп жүргені өтірік емес. Ал, биылғы жағдай эпидемиолог мамандардың қаны жерге тамбайтынын көрсетті.
Есенбек САНАТҰЛЫ