Шоқыну - Христиан шіркеуінің ежелден келе жатқан діни мерекесі. Бұл күнге орайластырылған дайындық жұмыстары облыс орталығында 16 қаңтардан басталған болатын. Бүгінде Усолка жағалауына діни жоралғыларды өткізуге екі купель ыдысы қойылды.
Сонымен қатар, шоқыну күні жедел құтқару жасағы, медицина және жергілікті полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Тәртіпті сақтау мақсатында барлығы 70 жергілікті, 4 жол патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылып отыр.
Бұдан бөлек тәртіп сақышылары қоғамдық орында былапыт сөздер айтқан, мас күйінде ұсталған тұрғындарға айыппұл салуға құқылы. Сондай-ақ, суға шомылу кезінде тұрпайы, дөрекі сөздер қолданған тұрғындар 10 тәулікке дейін қамауға алынса, мас күйінде келген тұрғындарға 3 АЕК айыппұл салынады.
Бүгінде қалада тұрғындары үшін 19 жерден мұз ойылып, жылыну пунктері, киім ауыстыру орындары, ішкі және сыртқы биодәретханалар, қоқыс жәшіктері орнатылды. Әрі қауіпсіздікті сақтау мақсатында мұз үсті екі мәрте турникеттермен қоршалды.