Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар облысында жүзеге асып жатқан ірі жобалармен танысты. Жұмыс сапары барысында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту және әлеуметтік нысандарды салу мәселелері басты назарға алынды. Толығырақ тілші сюжетінде.
Облыс орталығын аралау барысындағы негізгі нысандардың бірі Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыс алаңы болды. Нысанның жалпы ұзындығы 2,7 км құрайды, оның 691 метрі көпір өткеліне тиесілі. Жаңа көпір Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір болмақ. Бұл - бағаналы және аспалы құрылымдардың артықшылықтарын біріктіретін заманауи инженерлік нысан.
Сондай-ақ өңір басшысы KSP Steel ЖШС кәсіпорнына барды. Бұған дейін зауыттың өндірістік қуаты небәрі 30% ғана жүктемемен жұмыс жасап, еңбекақы мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектері болды, өндірістік қауіпсіздік мәселелері де өзекті болған еді. Бүгінде KSP Steel өңірдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі болып қала береді және Орталық Азиядағы жіксіз болат құбырларын толық циклмен өндіретін жалғыз зауыт саналады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 1200 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Жаңа білім беру мекемесі қазіргі уақытта оқушы орындарының тапшылығы туындап отырған қаладағы төрт мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ғимараттың үшінші қабаты тұрғызылып жатыр, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде және аумағы абаттандырылуда. Нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады.
Самал Қалиқызы