Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, тектінің тұяғы, Олжабай батырдың ұрпағы Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамыр күні Баянауыл ауданында дүниеге келді. 5 жасынан хат танып, жырларды жатқа айтатын ұлының алғырлығын байқаған әкесі Хақан оған кітап, журналдар алдыртады. Қасына ертіп жүріп  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов  тәрізді  жерлес дарабоздардың тәрбиесінен өткізеді.  Болашақ ғалым Павлодар қаласындағы мұғалiмдер курсын бiтiрiп‚ Семей педагогикалық техникумына оқуға түседі. Сол жерде алаш зиялыларымен танысып, әсіресе Мұхтар Әуезовпен жақын араласады.

Дәнел Әлкейқызы, Әлкей Марғұланның қызы:

Мұхтар Омарханұлы әкеме мамандық таңдауға көмектескен. Ол әкемді өзімен бірге Ленинградтағы жоғары оқу орнына түсуге үгіттеп, ғалым болудың жолына түсуге шақырады. Сөйтіп екеуі шығыстану институтынына оқуға түседі. Қосымша өнер тарихы институтында да  оқиды. Атақты Бартольд, Мар, Крачковскийден тәлім алады. Әкем өмір бойы өзінің Ленинградтық ұстаздарын және Олжабай батырдың ұрпағы екенін мақтан етті.

Қайраткердің түпкі мақсаты кеңес үкіметінің бұрмалауына түскен ұлт тарихын қалпына келтіру еді.  Осы мақсатта ол студент кезінде-ақ  Миллер, Руденко секілді атақты  ғалымдармен бірге экспедицияға шығып ұлт тарихына байланысты мәлімет жинайды. Студенттің қазақтың салт-дәстүрі, музыкасы мен фольклоры, жер-су атаулары туралы жазған әр мақаласы ғылыми ортаны дүр сілкіндіреді. Әлкей Затаевичпен танысып, оны туған өлкеге ертіп әкеліп, халық әндерін жаздыртып алады. Шоқан Уәлихановтың өмірін зерттейді. Әлкей Марғұланның ең ірі жаңалығы -  Беғазы-Дәндібай мәдениеті. Бұл зерттеулер- қазақ жері адамзат  өркениетінің алтын бесігі болғанын дәлелдеді.

Жолдасбек Нұрманқұлов, тарих ғылымдарының кандидаты:

Бұл Беғазы-Дәндібай мәдениетінің қасиеті не еді? Құндылығы не еді? Беғазы-Дәндібай мәдениеті дегеннің өзі жаңағы мен айтқан металлургия, егіншілік, мен айтқан қалалық құрылыстардың өзінің басталуы. Бір аумақта бір үлкен орталық болды дағы оның айналасында кіші –кіші қоныстардың байланысы. Қазіргі аудандық, қалалық құрылыстардың пайда болуы. Міне осы кезеңді зерттей отырып біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдық яғни осыдан 4 мың жыл бұрын біздің қазақ даласында қазыр одан да терең, қазір 5 мың жылға кетіп қалды. Қазақ даласында алғашқы өркениет ошақтарын белгілері. Тіпті өркениет ошақтарының өзінің болғанын зерттеген болатын.

Әлкей Марғұлан қаламынан туған соңғы дүние – «Орталық Қазақстан архитектурасы». Жошы хан, Алаша хан, Домбы ауылы, атақты бақсы молла тәрізді көптеген жәдігерлердің құрылысы, тарихы осы кітапта жинақталған.  Жалпы бүгінгі қазақ тарихы  мен археология ғылымы Әлкей Марғұлан еңбектерін азық етіп келеді.

 

Гүлсара Мәлікова