Жасындай жарқ еткен Гүлзаттың гүлдей ғұмыры қиылғанына міне бір жылға жуықтады. Гүзат Мейрамова 1987 жылдың 9-шы ақпанында дүниеге келген. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде өмір есігін ашқан бұрымды қыз қысқа ғұмырын өлеңге арнады.

Әсел жақсыбай, Гүлзат Мейрамованың құрбысы:

9-шы ақпан қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен бірге Гүлзатымыздың туған күні еді. Бүгінгі күн қасиетті жұмаға келіп тұр. Алда демалыс күндері адамдарды әуре-сарсаңға салмайық деп, бүгін марқұмға дұға бағыштатып, еске алып жатқан жайымыз бар. Гүлзат туралы көп айтуға болады. Өте бір аяулы жан еді, жүрегі таза, нәп-нәзік. Сол нәзіктігімен, тұнықтығымен, тазалығымен өкінішке орай өмірден кете барды.

Шара барысында Гүлзаттың өлеңдері оқылып, жиналғандардың назарына ақын қыздың қамшының сабындай қысқа ғұмыры туралы бейне баян ұсынылды. Естеріңізге сала кетейік, Гүлзат өмірінің соңғы жылдары Павлодар аудандық «Заман тынысы» газетінде тілші болып қызмет атқарған. Бүгінгі еске алу кешінде көзіне жас алмаған жан болмады. Ал, әкесі алақанда аялап өсірген жалғыз қызының келместің кемесіне мініп кеткеніне әлі сене алар емес.

Мейрам Шалахаев, Гүлзат Мейрамованың әкесі:

Гүлзат өзі жалғыз қызым еді. Жалғыз бала, жалғыз қыз еді. «Әкем-ау, әкем-ау» деп артымнан қалмайтын да. Не дейін енді?! Алланың жазғаны. Мамкамның мамасы айтыскер еді. Сол кісінің бұрынғы кезде пластиналар деген болды, соларды тыңдап отыратын бала кезінен. Сол кісіге қарап, мұғалімі болды ауылда, школда. Домбырадан беретін. Қапиза деген. Сол кісінің арқасында барлықтарына рахмет.

Гүлзат 9-сыныптан бастап қазақтың төл өнері айтысқа ден қоя бастады. Өмірінің соңына дейін ұлттық өнерді дәріптеп, бірнеше аламанның жеңімпазы атанды. Өнердегі ағалары да еске алу кешінен құр қалмаған. Ерке қыздың есті қылықтарын былай еске алады.

Көлтай Кәлелхан, Гүлзат Мейрамованың өнердегі әріптесі:

Енді «Гүлзат марқұм» деп айтуға келмейді. Қазір сағынамыз, іздейміз. Гүлзатты сонау 90-шы жылдардан бері танимын. Біз мынау студент кезімізде айтысқұа қатысып жүр едік. Ол кезде ол оқушы болатын. Оқушы кезінен бастап, ол айтыс өнеріне келді. Өлеңдер жазды. Сол кезден танушы едім. Жасында жарқылдап көрінген гүлдей қызымыздың бірі еді.

Иә, ажал айтып келмейді. 32 жылдық қысқа ғұмырында артындағы ұрпаққа үлгі болардай сара жол қалдыра білді. «Ұстазым Алмагүлше жырлаймын» деген ақын, әпкесінің артынан көше баратынын кім білген?! Өкінішті әрине...

 

Зұлқарнай ЕРМҰРАТҰЛЫ