Биыл Павлодар облысының ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалады. Өнім көлемі 91 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға көп. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының өнімділігі артып келеді. Сүт өндірісі 10 пайызға өсіп, 125 мың тоннаға жетті. Өңір агросаласында нақты қандай жобалар жүзеге асады?

Өңірде егіс алқаптарының көлемі артты. Әсіресе майлы дақылдарды өсіру қарқынды дамуда. Павлодар облысы республика бойынша тары, картоп және сәбіз егу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Мал шаруашылығында ірі қара, жылқы және қой саны да көбейді. Ал құс өсіру ісінде бірден 40 пайыздан астам өсім тіркелді.

Әлібек Қаленов, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары

Облыста минералды тыңайтқыштарды қолдану артты. Бұл өнімнің сапасын жақсартып, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Жарты жылдық қорытынды бойынша 65,5 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Бүгінде 99 мың тонна сатып алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп. «Кең дала» бағдарламасы аясында егінді уақытылы жинау үшін 28 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы көлемі былтырғыдан екі есе артық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қоймалары да көбейіп жатыр. Қазір 153 көкөніс қоймасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы – 541 мың тонна. Жыл соңына дейін тағы 6 қойма іске қосылып, қосымша 70 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік болады.

Аграрлық салаға құйылатын инвестиция да артып отыр. Жыл басынан бері негізгі капиталға 68 миллиард теңгеден астам қаржы салынды. Оның аясында жаңа сүт фермалары ашылып, 1 800 гектар суармалы жер іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше жоба аяқталмақ.

Әлібек Қаленов, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары

Биыл жол картасы аясында 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы құны – 38,4 миллиард теңге. Бұл жобалар өңдеуші кәсіпорындарды ашуға және суармалы егіншілікті дамытуға жол ашады. Қазірдің өзінде 10-нан астам жоба аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 15 жоба іске қосылмақ. Сонымен қатар облыста егіс алқабының көлемі 1 миллион 660 мың гектарға жетті. Бұл былтырғыдан 95 мың гектарға артық. Егістік жерді әртараптандыру бағытында да жұмыстар жүріп жатыр.

Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан да қолдау бар. Субсидиялау мен жеңілдетілген несиеге биыл 96 миллиард теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарына несие беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Сабина Жолдаспаева