Биыл күзде павлодарлық 65 жас сарбаз Отан шебін күзету үшін әскери қызметке аттанады. Олардың 15-і Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына аттанып кетті. Оларды ата-аналары мен жақындары сәттілік тілеп шығарып салды. Сарбаздарды шығарып салу салтанатына біздің түсірілім топ та қатысқан еді.

Биылғы күзгі шақырылымда Павлодар облысынан 664 жас жігіт мерзімді әскери қызметке шақырылды. Олардың ең көбі, 250-і Ұлттық ұланда қызмет етеді. 20 жігіт Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне жіберілсе, 65 сарбаз шекара күзетеді.

Қорғаныс департаментінің өкілдері, ардагерлер және қоғам қайраткерлері болашақ сарбаздарды осынау маңызды сәтпен құттықтады. Олар жастарға табандылық, мықты денсаулық пен сәтті қызмет тіледі. Ел болашағы дәл осындай жас қорғаушылардың иығына артылып тұрғандығын айтты.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін, тәжірибелі әскери қызметкерлер жиналғандарға жауынгерлік дайындық элементтерін көрсетті. Бұдан соң ата-аналар, туыстар мен бауырлары ұлдарына сәтті қызмет, амандық тілеп шығарып салды.

Жанасыл Серікбол