Павлодар облысының активі жолдаудағы бастамаларды іске асыру жоспарын талқылады. Жиынға әр түрлі салаға жауапты басшылар, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары қатысты. Баршасы алдағы міндеттің айрықша салмағын сөз етіп, нақты жоспарларды ұсынды.

Жолдау дәстүрлі болғанымен мазмұны дәстүрлі емес. Биыл цирлық әлемге басымдық беріліп, жасанды зерденің маңызына көбірек тоқталды Президент. Барлық сала дамуы керек. Барлық салаға жасанды интеллект енуі керек. Осылайша алдағы үш жылда толықтай цифрлық елге айналу міндеті тұр.

Осылай деген облыс әкімі ең әуелгі сөзді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысына берді. Ведомства басшысы бұл бағытта осы уақытқа дейін не істелгендігін айта келіп, жолдаудан кейінгі міндеттерді жіпке тізді.

Жолдаудан соң барлық атқамінерлер өз жұмыстарын толық цифрландыруға мықтап бекінген сияқты. Жалпы бұл мәселе айтылып жүргеніне көп уақыт болды. Ерекше серпін беріліп, міндет қойылғаны биыл. Сондықтан, нақты жоспарлар түзілуде. Мәселен, сәулет және құрылыс саласының бағыты айқын, бұған дейінде қалыптасқан цифрлық жүйелері бар.

Білім әркез басты назарда. Оның ішінде орта білімнің есебі әлі де түгенделуде. Сондықтан, Президент бұл салаға арнайы тоқталып өтті. Әсіресе ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердің жайын бөлек сөз етті. Ал, Павлодар облысында ауылдық мектептердің 60 пайызына жуығы шағын жинақты типте.

Жиын соңында аймақ басшысы Президент жолдауының әр бастамасы стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жолдауда қойылған барлық міндеттерді орындау үшін іс-шаралар жоспарын 20 қыркүйекке дейін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың әкімдеріне осы жұманың соңына дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша жергілікті жиындарды өткізуді тапсырды.

Жанасыл Серікбол