Биыл Қазақстан мемлекеттік статистикасының құрылғанына 105 жыл. Осы уақыт ішінде сала заман талабына сай дамып, халыққа сапалы әрі ашық ақпарат ұсынатын деңгейге жетті. Облысымызда статистика қызметі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық маңызды деректерді жинап, талдау жасап келеді. Бұл мәліметтер аймақтың нақты ахуалын бағалауға және алдағы жоспарларды белгілеуге көмектеседі.

Бүгінде статистикалық ақпарат халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Соңғы жылдары барлық мәліметтер электронды форматта қолжетімді болды. stat.gov.kz сайты үш тілде жұмыс істейді. Сондай-ақ пайдаланушылар «Талдау» жүйесі арқылы деректерді график, диаграмма түрінде көре алады.

Жанар Мағзамова, Павлодар облысы статистика департаменті басшысының орынбасары

Департамент ұжымының басым бөлігі әйел адамдар. Қызметкерлердің орташа жасы 46. Статистикалық жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. 20-дан астам саланы қамтиды. Елді цифрландыру аясында қазіргі уақытта есептердің 90 пайыздан астамы онлайн түрде қабылданады. Статистика органдары шығаратын барлық ақпарат электронды форматта ашық әрі кез келген пайдаланушыға қолжетімді. Мерейтой жылы статистика органдары екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізіп жатыр. Ол 20 қазанға дейін жалғасады.

105 жылдыққа орай салада бірқатар игі істер қолға алынған. Мерейтой қарсаңында арнайы кітап пен буклеттер жарық көреді. Халықпен кездесу, ашық есік күндерін өткізу де жоспарланған. Мұндай шаралар қоғам мен сала мамандарының байланысын нығайтады.

Жанар Мағзамова, Павлодар облысы статистика департаменті басшысының орынбасары

Айтулы күн қарсаңында біздің департаменттің мамандары бекітілген шаралар жоспарына сәйкес бірқатар акцияларға қатысты. «Кітап сыйлау күні» аясында С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға кітаптар тарту етілді. Сондай-ақ ауыр науқас балаларға көмек көрсету, көпбалалы отбасыларға қолдау білдіру, «Мектепке жол» және қарттарға арналған «Ізгі істер күні» акциялары өтті. Қызметкерлер «Қан тапсырып – донор бол» бастамасына қатысып, Жеңіс күніне орай статистика ардагерлерін құрметтеді.

Алдағы уақытта сала мамандарында спорттық және мәдени шаралар өткізу жоспарда бар. Өңірде жастарға арналған кездесулер, қоғамға пайдалы әлеуметтік жобалар жалғасады. Бұл шаралар мерейтойлық жылды мазмұнды етіп, саланың беделін арттыруға бағытталған.

Сабина Жолдаспаева