“Мерейлі отбасы-2025” ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Елге үлгі болар әулеттер салтанатты шарада бас қосып, марапаттау рәсімі өтті. Биыл еңбек династиясы атанған екібастұздық Тұрсынбаевтар әулеті жеңімпаз деп танылды. Тақырыпты толығырақ тілшіміз жалғастырады.
Бүгін өңіріміздің түкпір-түкпірінен үздік деп танылған әулеттер облыс орталығына жиналды. Биылғы ұлттық шараға 26 отбасы ұсыным берген, оның 13-і байқау лауреаты мен жүлделі орын иегерлері атанды. Байқауға қатысқан әрбір әулет жеңімпаз. Себебі бұл отбасылардан алар үлгі-өнеге көп.
Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында атап өткендей отбасы институын нығайту, еліміздің әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың басты кепілі деп айтқан болатын. Бүгін біз марапаттап отырған отбасылар осы идеяны іс жүзінде көрсете білген шаңырақтардың бірі. Сіздер қоғамда өз орынын танытып, бала тәрбиесінде ұрпаққа дұрыс құндылықтарды үйретуде көпшілікке үлгісіздер. Бүгін бір ғана отбасы жеңімпаз атанбайды. Аудандық және қалалық конкурстан үздік шыққан әулеттер ғана емес, қай-қайссыда болмасын еліміздегі ең мерейлі отбасылар барша Қазақстанның мақтанышы.
Байқаудың басты талаптарының бірі отбасы мүшелерінің бір саладағы көпжылғы еңбек өтілі мен жоғары марапаттары қатысушыларды жеңіс жолына жетелей түскен. Мәселен, әкесінен мирас болып қалған кәсіпті Сейфулла Тұрсынбаев жалғаса, бүгін оның жолын балалары басып келеді. Мерейлі әулет Екібастұз қаласындағы «Богатырь кенішінде» еңбек етеді, олардың жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады. Осылайша, Тұрсынбаевтар отбасы облыстық байқауда топ жарып, жеңімпаз атанды. Жүзден жүйрік шыққан бұл әулет ұлттық байқаудың республикалық кезеңіне барады.
Сейфулла Тұрсынбаев, «Мерейлі отбасы» байқауының Павлодар облысы бойынша жеңімпазы
Богатырь деген бұрын Центральный разрез болған 60 жылдары, сонда әкем экскаваторда жұмыс істеп бастаған, шешем компрессор станцияда істеді. Мен сол бала кезде шешеммен еріп баратынмын, ойлағам осы разрезде істеймін деп. Сол 18 жаста оқу бітіріп, разрезға келдім, содан міне 47 жыл сонда жұмыс істеп жатырмын. Бір-бірімізбен бірнәрсе істесек ақылдасамыз, ойға саламыз, шешім шығарып ғана істейміз.
Жеңімпаздар мен лауреаттарды арнайы комиссия саралады. Сондай-ақ, байқау лауреаты атанған баянауылдық Сембековтар отбасы білім беру саласында қызмет атқарады. Ұстаздар династиясы әрқашан отбасы құндықтарын жоғары орынға қояды.
Төлеш Сембеков, «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаты
Отан отбасынан басталады дейді. Сол әрбір отбасы қазақтың құндылығын сақтай білсе, үлкендердің тәрбиесін бойларына сіңіре білсе, сол арқылы бақытқа жетеді. Мәшһүр атамыз айтқандай, абыройлы болады, абыройдан асқан биік нәрсе жоқ. Сондықтан бақ-береке,бірлік тілеймін.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты, көпшілік осылайша шат-шадыман көңіл күйде тарқасты. Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы 2014- жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Отбасы құндылығын, ұлттық тәрбиені насихаттауды мақсат еткен.
Қымбат Садық