Баянауыл ауданы Ескелдіде орналасқан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық мұражайында жаңа мәжіліс залы ашылды. Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар және тарихшылар қатысты.
Жаңа залда алғашқы болып «Мәшһүр Жүсіп және ұрпақ тәрбиесі» атты дөңгелек үстел өтті. Онда ойшылдың бала тәрбиесі, ұлттық сана мен рухани құндылықтар жайлы еңбектері талқыланды. Мәшһүр Жүсіптің мұрасы жастардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағыт береді. Оның еңбектері бүгінгі және келешек ұрпақ үшін тәлім-тәрбие көзі.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Кезінде осы жерде өзіміз шаң шығарып, асық ойнап, топырағында домалап жүрген бала едік. Заман болса зымырап барады, өскелең ұрпаққа әрқашанда дұрыс тәрбие беру үшін тек осы істерімізбен ғана үлгі жасай аламыз. Мәшһүр атаның артынан қалған ізі емес, үлкен сара жолын насихаттау міндет, бізге парыз деп санаймын.
Ұлы ойшылдың мол рухани мұрасы жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Жаңа залдың ашылуы осы мұраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Жалпы аумағы 220 шаршы метрден асатын бұл зал заманауи құрал-жабдықпен қамтылған.
Мұрат Рахметов, Павлодар облысының құрметті азаматы
Қазір ғылыми орта Мәшһүр-Жүсіпті жақсы біледі. Өйткені олардың ғылыми жұмыстарында Мәшһүр-Жүсіпке сілтеме жасайды. Сондықтан осы ғылыми тұрғыдан біз рухани байлығымыз, ортамыз қылып осы комплексті әрі қарайда дамытуымыз керек.
Мұражайдағы жаңа мәжіліс залы ғылыми және мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұнда ғылыми жиындар, әдеби кештер және семинарлар тұрақты түрде өтеді.
Сабина Жолдаспаева