Ғалия Балтабайдың жинақ шығару идеясы өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауына ие болды. Қалалық ардагерлер кеңесінің шешімімен - журналистерден құралған редакциялық құрам бекітілді. Қаламгерлер тобын Павлодар облысының тумасы «Құрмет» белгісінің иегері, белгілі журналист Ғалия Балтабай басқарды. Кітапқа Ақмола облысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Кеңес одағы батырларының есімдері енгізілген. Атап айтсақ, Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев сынды батырлар мен ардагерлер енген.

Ғалия Балтабай, ҚР мәдениет қайраткері:

Көптеген соғыс ардагерлерінің еңбегі еленбей қалған кездер де болды. Мысалы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлын алайық. Ол кісі көзі тірі кезінде Кеңестер Одағы батыры деген атағын ала алмай кетті. Рақымжан Қошқарбаевтың рейхтагқа ту тіккенін 62 жылдан кейін мойындадық. Міне, осындай деректерді біз кітапта көрсеттік.

Сонымен қатар, кітапта Ертіс-Баян өңірінен шыққан майдангерлердің есімдері бар. Жинақта Кеңес Одағының батырлары Махмет Қайырбаев пен Қанаш Қамзин жайлы мақалалар мен жазбалар жазылған. Сондай-ақ, қазақтың батыр ұшқыш қыздары Дәмелі Жәкеева, Мәдина Ысқақова және Қамқа Үмбеталина туралы тың деректер кездеседі.

Ғалия Балтабай, ҚР мәдениет қайраткері:

Бұл кітапты неге шығардық? Кейінгі кезде мектеп оқушыларының арасында Ұлы отан соғысы, оның тарихын білмейді. Біз оқыған кезде Ұлы Отан соғысы тарихы жайлы екі тоқсандай оқитынбыз. Ерлік жасаған туған отанын, елін қорғаған батырлардың, қаһарман жауынгерлердің ерлігін көрсете отырып, бүгінгі ұрпаққа солардай батыр болып, елін қорғайтын патриот болса деп тәрбиелеу мақсатында жазылған кітап.

Аты аңызға айналған 60-қа жуық батырлар ерлігі жазылған жинақты мектеп кітапханаларына жіберу көзделген. Осы арқылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың есімдерін мәңгі жалыда қалдыру, жас ұрпақтың бойында патриотизмді жандандыру.

 

Әйгерім БОЗАНБАЕВА