Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың көшеде жүруіне тыйым салынғанын көпшілік елемейді. Полиция қызметкерлері ювеналды полиция бөлімімен бірлесіп, кезекті рет түнгі рейдке шықты. Бұл жолы тексеру облыс орталығындағы саябақтарда, дүкендер мен ойын клубтарында жүргізілді. Көше кезіп, бақылаусыз жүрген балалардың ата-аналарына айыппұл салынды. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ең әуелі ата-ана жауапты. Дегенмен, кейде олар бұл жауапкершілікті елемей, балаларын түнгі уақытта қараусыз қалдырып жатады. Мұндай немқұрайлылықтың соңы өкінішке ұрындыруы мүмкін. Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері күнделікті негізде профилактикалық рейдтер өткізіп, жасөспірімдер жиі жиналатын орындарды бақылауға алады. Заңға сәйкес, 18 жасқа толмаған балалар кешкі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілісіз қоғамдық орында жүре алмайды. Алайда тәртіпке бағынбайтындар аз емес. Рейд барысында полицейлер қалалық саябақта ағасымен серуендеп жүрген жасөспірімді анықтады. Ол тіпті ата-анасының қайда екенін де білмейтін болып шықты. Құқық қорғаушылар жасөспірімді үйіне жеткізіп, ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Бұдан кейін, кезекшілік ойын-сауық орталығында жалғасты. Онда жасөспірімдердің қорқор шегіп отырғаны анықталды. Айта кетейік, заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарда кальян тартуға тыйым салынған. Осыған байланысты дәмхана иесіне әкімшілік айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары мұндай рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп отырады. Түнгі уақытта балалар ата-анасының жанында, үйінде болуы тиіс.
Әйгерім Тоқпанқызы