Биыл Павлодар облысында Қала күні ерекше форматта атап өтіледі. 19 шілде күні облыс аумағында үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл күн шабыт пен бірлікке толы болмақ. Ересектер мен балаларға арналған түрлі қызықты бағдарламалар дайындалған.
Таңғы сағат 7-де дәстүрлі «Qala Run» жүгіру жарысы басталады. Сағат 9-да «Құлагер» ипподромында ауқымды мерекелік шоу жоспарланған. Қонақтар ұлттық ат жарысын тамашалап, спорттық жарыстар мен халықтық қолданбалы өнер көрмесіне қатыса алады. Баршаға арналған ыстық палау мен бауырсақ ұсынылады. Ал сағат 11-де басталатын мерекелік көңіл-күй қаланың барлық аудан мен ауылдық аймақтарды қамтиды. Әр жерде концерттер, ойын-сауық бағдарламалары мен отбасыға арналған түрлі шаралар өтеді.
Данияр Жұмаділ, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы
Бұл біздің қала халқы үшін үлкен шаралардың бірі. Тағы бір атап өтетін жайт, жалпы бәйгеге барамыз деген тұрғындар үшін қоғамдық көліктер ұйымдастырылады. Олар тегін болады, ипподромға жетіп алу үшін. Сол үшін барлығыңызды бәйгеге сағат 9 дан бастап келуге шақырамыз. Бұдан бөлек 19 шілде, күні бойы Павлодар қаласының шағын аудандары мен 5 ауылда мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады. Енді, негізгі есте қалатын шаралардың бірі кешке сағат 19:00 де Ертіс променад сахнасында басталады. Ол уақытта бізде бірнеше уақыттан бері жалғасып келе жатқан «Ертіс дауысы» атты қала тұрғындары арасында ән байқауы болады, соның қорытындысы және марапаттау рәсімі сол сахнада өтеді.
Сағат 19:00-де басталатын ауқымды концерттің басты қонақтары – Садрадин, ACE, Outlandish және Ingrid әншілері. Қазақстандық және шетелдік танымал жұлдыздардың қатысуымен өтетін бұл кеш көрермендерге ерекше әсер қалдырмақ. Кеш соңы көпшілікке арналған әдемі отшашумен аяқталады.
Сабина Жолдаспаева