Табиғи құбылыстарға байланысты кейінгі жылдары балықтар уылдырықтарын сәуір айының ортасынан бастап шашатыны байқалып жүр. Бұл туралы кәсіби балықшылар да мәселе көтерген болатын. Оны елдегі балық шаруашылығы ғылымы да анықтапты. Осыған байланысты балық аулауға тыйым салу мерзімі ауыстырылатын болды.

Руслан Төлепбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

Павлодар облысы бойынша бірінші жыл емес үшінші жыл уылдырық шашу мерзімі мамыр айында емес сәуір айында өтіп жатыр. Бұл сұрақ өткенде де қаралған болатын, қоғаммен бірге. Уәкілетті органның бұйрығы әзірленген, тиісті өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда ол бұйрықтың жобасы орман шаруашылығы комитетпен дайындалып, юстиция министрлігіне келісімге жолданған болатын.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жаңа бұйрығына сәйкес, келер жылдан бастап Павлодар облысында балықтардың уылдырық шашатын мерзімі 15-сәуір мен 30 мамыр аралығы деп белгіленіп, осы аралықта балық аулауға тыйым салынатын болады. Тек, әділет министрлігі құжатты мақұлдаса болғаны. Ал, биылғы шектеу кезінде 35 заң бұзушылық анықталып, 35 браконьерлік құрал мен 10 ескекті және үш моторлы қайық тәркіленген. Ал, тәркіленген құралдардың тағдыры не болмақ?  

Руслан Төлепбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

Соттың шешіміне байланысты, сот қалай ұйғарым шығарады. Егер тәркіленген заттар жойылсын деген шешім шығаратын болса, онда тәркіленген заттардың бәрі айғақтардың бәрі жойылады.

Ал, карантин кезінде облыста табиғат қорғау заңнамасын бұзу бойынша 140 факт анықталып, хаттама толтырылған. Екі млн теңгеден артық айыппұл салынды.  

 

Есенбек САНАТҰЛЫ