Жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында Бейсен Ахметов атындағы Жоғары педагогикалық колледжде әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық жарыс ұйымдастырылды. Шара Жеңістің 80 жылдығы мен соғыс ардагері Қабдеш Темірбайұлы Нұркиннің рухына арналды.
Спорт алаңында 5 кезеңнен тұратын жарыс өтті. Алдымен қатысушылар автоматты жинап, қайта бөлшектеді. Кейін пневматикалық винтовкадан атып, жалпы әскери қорғаныс киімдерін киді. Сондай-ақ түрлі дене жаттығуларын орындау кезеңдері болды.
ЕРДОС БОЛАТ, Б.АХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТТЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Әр жыл сайын осындай шаралар өткізіп, Қабдеш Нуркинді еске алып отырамыз. Яғни, Ұлы жеңіске тағзым бұл тек Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін емес және әр бір ұрпақ үшін аса маңызды күн деп білеміз. Қабдеш Нуркиннің ұрпақтары бізге осындай шәкірт ақы тағайындап жатыр. Біздің колледж осындай Бейсен Ахметов сынды түлекті түлеткеніне мақтан етеміз және мақтанамыз.
Жарыстан бөлек, қонақтар колледж ішінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда Жеңістің 80 жылдығына және Қабдеш Нұркиннің өмір жолына арналған экспонаттар қойылды. Одан бөлек, студенттер үшін ерлік сабағы өтті.
НҰРЛЫБЕК ЖАНБОЛАТОВ, ҚАБДЕШ НҰРКИННІҢ ТУЫСЫ Мен ол кісімен алыс туыс боламын. Ресейде танысып, ағамның қасында 13 жыл жүрген азаматпын. Ол кісінің жеке өмірі үлгілі болады біздің көп адамдарға. Ол кісі өте қарапайым, жақсы адам болды. Алысты жақындатып жүретін, көмектесіп жүретін. Аға өзінің балаларын жақсы тәрбиеледі. Өте қуаныштымын осындай шара өтіп жатқанына.
Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларға Павлодар облысының білім басқармасы мен Павлодар қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының кубоктары, медальдары мен мадақтама қағаздары табысталды.
Сабина Жолдаспаева