Павлодар облысына қоныс аударған әр үшінші қандас мемлекеттік қызметтердің сапасына көңілі толмайтынын білдірді. Әсіресе, өңірлік квотаға ену қиындап кеткен. Бұл жеңілдік мемлекеттік қолдау алу үшін маңызды шарт.
Облыс орталығында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселелеріне арналған кезекті жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында денсаулық сақтау, жер қатынастары және құрылыс салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ оларды шешу жолдары қарастырылды. Айрықша назар медициналық қызметтеріне бөлінді.
АСХАТ ЕСКЕНДІРОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Біз әлеуметтік желілерді бақылап, жерлестеріміздің емхана қызметіне қатысты шағымдарын көреміз. Әрине, сын бар. Барлығымызға белгілі, терапевтке қаралмай, салалы мамандарға бару мүмкін емес. Осы мәселелерді шешу үшін денсаулық сақтау басқармасы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аталған ережелерді халыққа түсіндіріп отыруы тиіс.
Отырыста мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша соңғы қоғамдық мониторинг нәтижелері таныстырылды. Социологиялық сауалнамаға сәйкес, 400 қызметтің бесеуі халық арасында төмен. Кем көрсеткіш өңірде қандастарға квота енгізу мәселесінде бар.
АНЖЕЛА ВИНОГРАДОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Респонденттер мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасының төмендігін және шалғай ауылдарда интернет жоқтығын айтады. Мұндай шағымдар түсінбеушіліктен туындауы мүмкін. Сондай-ақ, адамдар қосымша шығындар, қағазбастылық пен артық құжаттарды жинау мәселелеріне наразы. Осыған байланысты мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін жеңілдету үшін бұл талаптарды қысқартуын сұрайды.
Сондай-ақ , төмен көрсеткіш мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау қызметтерінде байқалды. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларында әлеуметтік көмек көрсету процесі төмен бағаланды. Барлық қызметтер бойынша қателіктерді түзету үшін ұсыныстар айтылды.
Әйгерім Тоқпанқызы