Бірі білсе, бірі білмес, Павлодарда онкологияға шалдыққандар біржолғы әлеуметтік көмек ала алады. Ол үшін диагнозды растайтын медициналық консультативтік комиссияның (ВКК) анықтамасы болуы тиіс. Облыстық онкологиялық диспансердің мәліметінше, қатерлі ісік диагнозымен есепте тұрған барлық науқастар аурудың сатысына, локализациясына және клиникалық тобына қарамастан, біржолғы әлеуметтік материалдық көмек ала алады.
Майгүл Рахымжанова, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:
Онкологиялық науқастарға бір реттік жәрдемақы 10-20 АЕК көлемінде төленеді. Туберкулез науқастарына амбулаторлық ем қабылдап жүрген уақытта бұл көмек беріледі. Ол туберкулездік диспансермен берілген тізім бойынша жүргізіледі. ВИЧ-инфекциясына шалдыққандарға бір рет 7-10 АЕК көлемінде, ал балаларға ай сайын күнкөріс деңгейінің 2 айлық көрсеткіші көлемінде беріледі.
Жыл басталғалы облыста 6235 онконауқасқа 209 млн теңге бір реттік жәрдемақы төленді. Ересек 1253 ВИЧ науқасқа 42 млн көлемінде төлем жүргізілді. 543 тубпациенттерге 78,4 млн теңге тағайындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемнің мереке күндері берілетін бір реттік түрлері бар.
Майгүл Рахымжанова, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:
Бізде жылдың соңына дейін енді 2 мерекеге бір реттік жәрдемақылар төленеді. Оның ішінде 30 тамыз Конституция күніне орай мүгедектерге және олардың колледжде, ЖОО-да оқып жүрген балаларына, 18 жасқа дейін мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға бір реттік жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, 1 желтоқсан Тұңғыш Президент Күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 5 АЕК, 1,2 топтағы мүгедектерге 5АЕК, минималды зейнетақы алатын зейнеткерлерге 2АЕК, 80-жастан асқан зейнеткерлерге 3 АЕК көлемінде жәрдемақы тағайындалады.
Сонымен, мереке күндеріне орай төленетін бір реттік әлеуметтік төлемдер осыған дейін 8 наурыз, 1, 7,9 мамыр күндері төленді.
Самал Қалиқызы