Негізгі Жаңалықтар Ашық есік күнінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

Ашық есік күнінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

Биыл елімізде балаларды қолдау және құқықтарын қамтамасыз ету үшін «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оның аясында Павлодарда тақырыптық қабылдау өтті. Іс-шараға кімдер қатысты? Қандай мәселелер көтерілді? Келесі сюжеттен білейік. 


Кездесу ашық есік күні форматында өтті. Ата-аналар мен қамқоршылар келіп, балалрға қатысты сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтары мен әлеуметті қорғалуы мәселесіне баса назар аударылды. 

Іс-шараға әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және өзге де түрлі сала мамандары, банк өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Олар көкейкесті мәселелерімен келген жандарға барынша көмектесуге тырысты.

Жиынға келген жанның бірі – ерекше баланың анасы Алмагүл Бекежанова. Ол 2022 жылдан бері «Ерекше балалар ата-аналары одағының» Павлодар облыстық филиалын басқарып келеді. Қазірдің өзінде одақ 270 отбасының басын біріктіріп отыр. Бұл іс-шараға да осы ұйымнан бірнеше ата-ана арнайы қатысып, сауалдарын қойды.

Алмагүл Бекежанова, «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ ПОФ басшысы

Біз ата-аналармен пікір алмастық, мәселелерді талқыладық. Әркімнің өз сұрағы пайда болды. Сөйтіп, кішігірім делегациямен келіп тұрмыз. Денсаулық сақтау саласы бойынша дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі әлі де өзекті. Өйткені дәрілік препараттардың кейде уақытылы берілмейтін кездері болады. Мұндай қиындықтардың бары рас, бірақ Павлодар облысында бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау бағытында күндізгі болу орталығына қатысты сұрақтар бар. Одан бөлек, кейбір ата-ана техникалық оңалту құралдарымен қамтуда кедергілерге тап болады. Сондықтан осы түйткілдерді бүгінгі кездесуде көтеруді жөн көрдік. Бұған қоса, ата-аналарды жұмысқа орналастыру мәселесі де қозғалады. Себебі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ананың барлығы бірдей толық жұмыс күні бойы еңбек ете алмайды».

Осылайша, кездесу барысында түрлі өзекті мәселе талқыланды. Қатысушылар сауалдарына жауап алып, алдағы әрекеттері бойынша бағыттарын айқындады. Іс-шара ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына олардың әрқашан мемлекет қолдауына арқа сүйей алатынын көрсетті.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу