Негізгі Жаңалықтар Ел қамын жеген Едіге би 

Ел қамын жеген Едіге би 

Баянауыл ауданына қарасты Жаңатілек ауылы мектебінде облыстық «Ел қамын жеген Едіге би» оқулары өтті. Байқауды «Ертіс дарыны» қосымша білім беру өңірлік оқу-әдістемелік орталығы мен «Павлодар облыстық өлкетанушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. 


Оқудың негізгі мақсаты – Едіге бидің өмірі мен ел тарихындағы орнын зерделеу, оның шешендік сөздері мен өнегелі мұрасын жас буынға таныту. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтарын негізге ала отырып, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың бойына елдік сана мен отаншылдық қасиеттерді сіңіру көзделген.

Рүстембек Қалымқұлов, «Павлодар облыстық өлкетанушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Жасөспірімдер тек ғана теориялық жағынан емес, тәжірибелік жағынан өздері көріп, танысып, табиғатын көрсе деген мақсатпен әкеп отырмыз. Оның ономастикалық, топономикалық тарихи маңыздылығы өте көп. Болашақта жастардың ғылыми жұмыс жасауына рухани септігін тигізеді деген мақсатпен ұйымдастырып отырмыз.

Байқау үш бағыт бойынша өтті. Бірінші бағытта қатысушылар Едіге бидің өмірі мен елдік сөздеріне қатысты тест тапсырмаларын орындады. Екінші бағытта тарихи деректерге сүйене отырып, Едіге бидің тұлғасын зерттеді. Үшінші бағытта «Едігедей би өткен» тақырыбында эссе жазып, оның елдік мұрасын өз пайымдарымен жеткізді.

Динара Опабекова, тарих пәнінің мұғалімі

Едіге би жайлы көбінесе аңыз-әфсаналар, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жазбалары бойынша айтады, ал біз сол жазбаларда айтылған аңыздарды нақты деректермен келтірдік. Әсіресе, мына «Жеті жарғы» жайлы бір-екі ауыз айтылады, дерек жоқ , соны алғаш рет келтіріп отырмыз.

Жас зерттеушілер Едіге бидің өмір жолы мен елдік ұстанымдарын әр қырынан танып, тарихи деректерді зерделеп, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Айзере Мылтықбай, оқушы 

Едіге би негізінен Айдабол руынан шыққан Төлебй батырдың баласы. Ол халық арасында әділдігі, шешендігімен танылған би. Эссені жазу өзіме толықтай оңай болды. Сеебі, көп дайындалдым, соны арқасында бас жүлде алдым.

Тұмар Батырбекова. оқушы 

Біз бір сағаттай жазып шықтық, 300 сөзге дейін талап болды. Бұл тақырып бізге еліміздің тарихын болжауға, дәріптеуге мүмкіндік берді деген ойдамын.

Әр бағыт бойынша үздік шыққан оқушыларға Едіге би атындағы Бас жүлде табысталды. Сондай-ақ жүлделі орын иегерлері анықталып, өңір тарихына есімі енген тұлғалардың атындағы арнайы жүлделермен марапатталды. Мұнан кейін оқушылар ағаш отырғызып, ауылдан бірнеше шақырым жерде орналасқан тарихи Мұрынтал жерімен де танысып қайтты.  

Мұхамедқайыр Шәріпов, «Павлодар облыстық өлкетанушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Келіп тұрған жеріміз төрт ұлдың төбе биі, Баянауыл дуанының түңғыш аға сұлтаны Шоң би Едігеұлының туып өскен жері. Ол кісінің ақ түйесі болған екен, соған мініп, мына тастың басына шыққан. Халықты маңайына жинап алып, билік айтқан. Бұл кісінің өміржолы тек ғана елім аман болса, халқым жыламаса, жетім-жесер болмаса екен деп өмірмен алысқан адам. Мұның тәрбиелік маңызы зор жастарға, болашақ ұрпаққа.

Бұл байқау жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи тұлғаларды құрметтеуге ықпал етті.


Қымбат Садық



Бөлісу