Негізгі Жаңалықтар Жылыту маусымына дайындық 

Жылыту маусымына дайындық 

Павлодар облысының төтенше жағдайлар қызметкерлері жылыту маусымы қарсаңында жеке тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар пеш пен мұржаларды тексеріп қана қоймай, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде және иіс газын анықтайтын арнайы датчиктер орнатуда. Толығырақ келесі сюжеттен көрейік.


Күн суыта бастағанда жеке секторда өрт қаупі арта түседі. Оған негізінен ақауы бар пештер мен мұржалар себеп болады. Сондықтан рейд барысында құтқарушылар полиция қызметкерлерімен, әкімдік өкілдері мен еріктілермен бірге облыс орталығы тұрғындарының үйлерін тексерді. Іс-шараға жалпы саны 80-ге жуық адам жұмылдырылды.

Пештегі тіпті кішкентай сызат немесе бітелген мұржа қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Жыл басынан бері өңірдегі 25 өртті тергеу кезінде пештерді пайдалану және монтаждау ережелерін бұзу деректері анықталды. Сондықтан мұржаларды уақтылы күйеден тазартып, олардың жағдайын үнемі тексеріп отыру қажет. Балалы отбасылар қауіпсіздікке ерекше назар аударуы тиіс – қараусыз қалған пеш немесе балалардың отпен ойнауы өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.

Қазір облыс аумағында әлеуметтік осал топтағы жандар тұратын мыңнан аса тұрғынүй бар. Құтқарушылар кезең-кезеңімен оларды аралап, иіс газы датчиктерін де орнатты. Жалпы 396 құрылғы орнатылған. Бұл рейд барысында Павлодар қаласындағы тағы он үйде осындай датчиктер пайда болды. Иіс газының концентрациясы көтерілген жағдайда бұл құрылғы дыбыстық сигнал беріп, тұрғындарға қауіп төніп тұрғанын ескертеді.

Рейд барысында жеке сектор тұрғыны Александр Галинскийдің үйіне де иіс газы датчигі орнатылды. Ол бұл құрылғыны бұрыннан орнатқысы келгенімен, кейінге шегеріп жүрген. Енді арнайы құрылғы тұрғынның үйіндегі қауіпсіздік жағдайын бақылап, ескертіп тұрады.

Александр Галинский, Павлдар қаласының тұрғыны

Мұны бұрыннан орнатқымыз келіп жүрген. Бір жарым, екі жылдай күттік. Өзіміз алып үлгермей жүрген едік. Үйге келіп: «Сізге тегін орнатып бере аламыз», – деді. Мен келістім. Неге келіспеске? Бұл өзің үшін де, айналадағыларға ескерту үшін де қауіпсіз. Мәселен, үйімізде қандай да жағдай болса, бұл құрылғы бірден белгі береді. Басқаларға да орнатуға кеңес беремін.

Жылыту маусымына дайындықты уақытында бастаған жөн. Пештің жағдайын ертерек тексеріп, мұржаны тазарту және иіс газы датчигінің жұмысын қадағалау маңызды. Осындай қарапайым қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау тілсіз жаудың алдын алып, отбасыңыздың амандығын сақтап қалуға кепіл болады.

Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу