Павлодар облысының әлеуметтік нысандары жылыту маусымына 100 пайыз дайын. 596 білім беру объектілерінде мәселе болмайды. Жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспардан артық орындалған. Осылай деп аппарат кеңесінде жауапты басқарма басшысы сендірді. Ал, көптен күткен Ақсу қаласындағы жаңа қазандық іске қосылмайды. 

Ақсу қаласындағы жаңа қазандықты мердігер дер кезінде тапсырып үлгермеді. Қосымша ұсақтағыштарды орнату қажет. Бұл жұмыстар 10-30 қазан аралығында жасалмақ. Осыған байланысты кешенді сынақтарды 1 қарашадан бастап қайта жүргізу жоспарланып отыр. 
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Өкінішке қарай, нысанға барған кезде қазандық жылыту маусымына дайын болмай қалады ма деген күдік расталды. Біресе көмір жетпеді, біресе күл қалдықтарымен қиындықтар және басқа да проблемалар бар. Қазандық салумен айналысқан мердігер стратегиялық объектіні белгіленген мерзімде тапсырмағанын көріп отырмыз. Сондықтан тиісті шара қолданып, мәселені шешу қажет. 
Отын энергетика орталығы саналатын Екібастұз тұрғындары үшін биылғы қыс оңай болмайын деп тұр. Кеншілер қаласында  қазіргі уақытта бір қазандық пен бір турбина жылыту маусымына дайын. Ал, үш қазандықтағы жұмыстар кестеге сәйкес қыркүйек, қазан және қараша айларында аяқталады дейді, қала әкімі Аян Бейсекин. 
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:
Көп пәтерлі тұрғын үйлерді ыстық сумен жабдықтау бойынша, бүгінде 686 тұрғын үйдің 653-і ыстық сумен жабдықталған. Қалған 33 үй ыстық судан ажыратылып отыр. Себебі қазір жөңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ыстық суды осы екі күн ішінде беруді көздеп отырмыз. Әлеуметтік нысандар жылыту маусымына дайын тұр. 
Ал, Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын-үйлердің 93 пайызы дайын.  26 қыркүйектен бастап жылу беріле бастайды. 
Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі:
Қалған үйлермен жұмыс атқарылуда. Осы уақытқа дейін біз барлығын дайындауға тырысамыз. Керекті шаралардың барлығын қолданамыз. Павлодар қаласы бойынша 7 көп қабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілмеген. 99,5 пайызы ыстық сумен қамтамасыз етілген. Сондықтан 15 қыркүйек күні қалған 7 үйді ыстық сумен қамтамасыз етеміз деп көздеп отырмыз. 
Әбілқайыр Сқақов қала басшысына жылыту маусымы бойынша жедел штаб құрып, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. 
Облыста алдағы жылу маусымына барлығы 522 мың тонна көмір қажет. Көмір разрездерімен бағаны маусым соңына дейін ұстап тұру туралы келісім бар. 
 
Аяулым Рахымжанова