Биыл шаруаларды қолдауға 451 млрд теңге субсидия бөлінген. Оның 33 млрды Павлодар облысыны тиесілі. Шаруалардың 70 пайызы ғана аталмыш көмекті алып үлгерген. Ауыл шаруашылығы министрімен кездескен тауар өндірушілер осы мәселені көтерді.
Павлодар облысында мемлекет тарапынан бөлінген қаржыдан құр қалған шаруалар бар. Өңірге республикалық бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрі көмекқаржыны енді қарастырып жатқан көрінеді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
Былтырғы жлы және биылғы жылы тауарлы құндылықтардың, тыңайытқыштардың да бағалары өсіп отыр. Сол себепті төленбей қалып отыр. Оны бюджетті нақтылау кезінде қайта қарастырып, төлейтін боламыз. Негізі субсидияның басым бөлігі тауар өндірушілерге жетті. Субсидияның 30 пайызы жетпей қалды. Алдымызда төрт ай бар. Бюджетті жоспарлау кезінде 10-15 пайызы кірмей қалған. Бюджетті нақтылаған кезде қосымша беретін боламыз.
Жайылым мәселесі өткір тұр
Сондай-ақ, өңірде жайылым мәселесі өткір тұр. Павлодар облысында жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 282 мың гектар жайылымдық жердің тапшылығы бар. Әсіресе Павлодар, Тереңкөл, Шарбақты аудандарының тұрғындары көп шағымданады.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
Негізі Қазақстанда ұйымдастырлған шаруашылықтарда жайылымның тапшылығы жоқ. Себебі 1802 млн га жердің тең жартысы қазір пайдаланылмай жатыр. Ол енді шалғайдағы жерлер. Сол себепті ауылдың жанындағы жайылым жер болу керек. Президенттің тапсырмасымен біз биылғы жылы 5 млн гектар тиімсіз пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару деген міндетіміз бар.
2021 жылдың көктемінде картоптың келісі 500 теңгеге дейін барған еді. Биыл сала министрі баға өспейді деп сендіріп отыр. Өйткені Ертіс өңірінің шаруалары 630 мың тонна картоп жинауды көздеп отыр.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
Былтыр басқа өнімдерге қарағанда үлкен сауда жүйелерінде картоп бағасы 240-250 теңге болды. Қыста болған жоқ. Себебі біз былтырғы жылы картопқа квота енгізіп, қажеттілігімізді ұстап қалдық. 2025 жылдың аяғына дейін 385 мың тонна сақталатындай 200-ден астам қойма соғамыз. Өнім бар. Өндіріс жақсы.
Министр: қант қызылшасын өсіру қажет
Сонымен қатар кездесуде министр өңірде қант қызылшасын өсіру әлеуетін талқылады. Қазіргі уақытта облыстың суармалы жерлерінің ауданы шамамен 64 мың га құрайды. Сондықтан бұл бағыттағы жоба сәтті іске асырылуы мүмкін.
Аяулым Рахымжанова