Елімізде интернет алаяқтық саны күрт өскен. Аймақта жыл басынан қылмыстың осы түріне қатысты мыңға жуық  дерек анықталды.  Ақша бопсалау түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асып жатыр. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы тұрғындар көп алданады.

 Алаяқтық - ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты кең таралып келеді.  Сенгіш халық әсіресе телефон,  әлеуметтік желі арқылы көптеп алданады. Алдау үрдістері әр түрлі. Мысалы айтатын болсақ, биыл полиция қызметкерлері жас жігіттерден құрылған қылмыстық топтың бетін әшкереледі. Олар ғаламтор арқылы  сатылымға зат қойып,  алдын ала ақша сұраған.  Осылайша бір топ азамат 100 мың теңгеден 15 млнға дейін 125 адамды  алдаған. Бұл жасалған қылмыс үшін 3 жылдан 9  жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Аман Әубәкіров, ПД киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлімнің жедел уәкілі:
Олар әдеуметтік желі арқылы  автокөлік,  астық, ауылшаруашылық техникасына қосалқы бөлшектерді сататыны туралы жалған жарнама жасаған. Қазір  қылмыстық топ  құрықталды.  Ұсталған азаматтардың барлығы  қамауға алынды. Алдағы уақытта іс сотқа жіберіледі.  Мүліктері тәркіленді. 
Ақша бопсалаудың тағы бір түрі - алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, хабарласады. Банктен резевтік шот ашуын ұсынады. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.Осылайша арам ойын жүзеге асырады.
Аман Әубәкіров, ПД киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлімнің жедел уәкілі:
Жыл басынан 1000 аса қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта 50 пайызы ашылды. 500 іс сотқа жіберілді. Тергеу жұмыстары жалғасуда. 
Тәртіп сақшыларының айтуынша көбінесе әйел адамдар, жастар және орта жастан асқан адамдар алаяқтардың қармағына түседі. Полиция қызметкерлері тұрғындарға  кез-келген ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбейінше ақиқат ретінде қабылдамауын, жеке мәліметтерді бөтен адамдарға жарияламауды, бейтаныс нөмірлерден келген хабарламаларға және қоңырауларға назар аудармауды сұрайды.

Әйгерім Тоқпанқызы