Павлодарда «Құқықтық дәріхана» атты әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындарға тегін заң көмегін көрсету. Толығырақ көшпелі қабылдауға қатысып қайтқан тілші әңгімесінде.
«Құқықтық дәріхана» акциясын қалалық прокуратура ұйымдастырды. Бұл жерге кез келген сұрақпен жүгінуге болады. Отбасылық және тұрғын үй мәселелерінен бастап, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты шағымдар да айтуға болады.
Дархан Аметаев, Павлодар қаласы прокурорының орынбасары:
Бізге құқық, жер мәселелері, тұрғын үй, сәулет және құрылыс, отбасылық даулар – бәрі қарастырылады. Бұл жерде менімен бірге басқа да мекемелердің өкілдері бар: құқықтық статистика органдарынан, сондай-ақ Павлодар ауданы прокуратурасынан қатысуда.
Кез келген қала тұрғыны алдын ала жазылмай-ақ келіп, білікті мамандардан тегін кеңес ала алады. Қажет болған жағдайда сол жерде арыз да жазуға мүмкіндік бар. Арыздар белгіленген тәртіппен қаралады.
Дархан Аметаев, Павлодар қаласы прокурорының орынбасары:
Айтылатын мәселелер әртүрлі. Кейде тұрғындар мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымданады, кейде нақты тұлғаларға шара қолдануды сұрайды немесе заңнама бойынша түсіндіруді талап етеді. Біз орнында түсіндіреміз, егер қажет болса, азаматтар арыз жазып кетеді, біз оларды жұмыс тәртібімен қараймыз».
Сондай-ақ қала тұрғындарын көшелерге орнатылған бейнебақылау камералары қызықтырады. Шаһар тұрғыны заңгерден «Қауіпсіз қала» жобасына сай орнатылған құрылғылар қашан іске қосылатынын сұрады.
Айнұр Машабай, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен қала көшелеріне орнатылған камераларға қатысты сұрақ қойдым. Маған бәрін түсіндіріп берді – камералар бет-әлпетті тану, жол қозғалысын және жаяу жүргіншілерді бақылау үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, әуежай мәселесі де бізді алаңдатып отыр. Биыл ашылады деп уәде берген еді, бірақ келесі жылы ашылады екен.
«Құқықтық дәріхана» жобасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Келесі көшпелі қабылдау 20 қыркүйекте өтеді.
Әйгерім Тоқпанқызы