«АМАНАТ» партиясы Павлодар облыстық филиалы Саяси кеңесі мен партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының бірлескен отырысы өтті. Онда мемлекет басшысының жолдауында қойылған міндеттер талқыланды. Сондай-ақ, партияның жол картасындағы жоспарлардың іске асу барысы сөз болды.

Партия жұмысы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асырумен тікелей байланысты, деп атап өтті облыстық мәслихаттың төрағасы, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко. Партия Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарайтындығын жеткізді. Жиында партияның 2023–2024 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы, сонымен қатар, 2025 жылғы тәуекелі жоғары жұмыстар мәселесі қаралды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, «Жол картасының» сайлауалды уәделерін жүзеге асыру жөніндегі облыстық штабтың төрағасы Серік Батырғожинов әрбір тармақтың тиімді әрі уақытылы орындалуы маңызды екендігіне тоқталды.

Құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың айтуынша, жол картасының 35-ші және 41-ші пункттерінде тәуекел бар.

Асқар Ажмұрат, Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы

Ұлттық жоба аясында ауылдарда 33 медициналық пункттің құрылысы бойынша жағдай мынадай. 26-сы аяқталды, 24-і лицензия алды, екеуі денсаулық сақтау балансына өтуде. Тағы үшеуі аяқталу сатысында, пайдалануға беру актісіне апта соңына дейін қол қойылады.

Денсаулық сақтау саласының басшысы Иран Шәметеков кардиологиялық орталық пен облыстық балалар ауруханасының базасында екі консультативтік-диагностикалық орталықтың жобалары келісу сатысында екенін айтты. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда алға қойған барлық тапсырмалардың нақты жобалар мен өзгерістерде көрініс табуы басты міндет екенін атап өтті.

Жанасыл Серікбол