Биыл алаш ардақтысы, академик Шапық Шөкиннің туғанына 110 жыл. Осыған орай ғалымның туған жері Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп ауылында өлкетану музейі ашылды. Мұражай демеушілердің көмегімен, Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсеновтың ұйымдастыруымен дүниеге келді. 
 
Қазақ энергетика ғылымының атасы Шапық Шөкин атындағы өлкетану музейін ашуға дайындық 3 жыл бойы жүргізілді. Естелік ордасының салтанатты ашылуына академиктің ұрпақтары, ел сүйер ағайын алыс-жақыннан жиналды. Көптен күткен қуаныш қара өлеңнің қуатымен басталды. 
Музейдегі ең құнды жәдігер Шапық Шөкиннің өзі пайдаланған, бір ғасыр  бойы сақталған үстелі мен шкафы. Ол Алматыдан арнайы жеткізілген. Мұражайдың ортасында академиктің бюсті орналасқан. Сондай-ақ, өңір жайлы деректер, елді мекеннен шыққан қасиетті адамдар, ауыл тұрғындарының жетістіктеріне арналған жеке бұрыш бар. Экспонаттардың басым бөлігі алаш ардақтысының ғибратты ғұмырынан сыр шертетін фотосуреттер. 
Бағдат Дүйсенов, шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, ақын: 
Мына жерде әкесі мына Жұмат Досқараев деген адам бар ағайыны сол Жұмат атамыз Шапық атамызға мына әкеңнің суреті деп көрсетіп кеткен. Сондықтан мына Шапық атамыздың өзінің жазып  кеткен қолтаңбасы бар міне әкемнің суреті деп Жұмат Досқараев айтты деп. одан кейін Шапық атамыздың ағасы Риза Шокин деген кісі болды. Ол кісі ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған.
Шапық Шөкиннің тікелей араласуымен Қазақстан энергетикасы ғылыми-техникалық болжамының кешенді жүйесі, Ертіс-Қарағанды каналы, гидроэлектростанциялар ашылды. Ел үшін ерен еңбек еткен дарабоз тұлға жайлы музейден мол мағлұмат алуға болады. алдағы уақытта музей мектептің ғылыми орталығына айналады деп жоспарлануда.  
Ғалымға есім беріп, кейін оқуға аттанарда ақ батасымен жолын ашқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Тойға жиналғандар әулиенің аруағына құран бағыштап, тәу етті. Музейдің ашылуы «Ғұлама ғалым, ерен энергетик елінде» атты конференцияға ұласты. Шараға академиктің қызы келді.  
Марал Шапыққызы, Шапық Шөкиннің қызы:
Әкем өзінің туған жерін қатты жақсы көрді. Бізге сол махааббатын сіңіріп өсірді. Маған үнемі Жаңажолға, Жасыбайға барып отыр деп тапсыратын. Мен бүгін осы әкемнің атындағы музейді ашуды, ұйымдастырған, ат салысқан барша қауымға, әсіресе Бағдатқа зор алғысымды айтамын. 
Энергетика институтының іргесін қалап, мыңдаған маман тәрбиелеген кемеңгер ғалымның шәкірті ұстазға деген сағынышын жырмен өрнектеді. 
Шара соңында Шапық Шөкиннің рухына құран оқылып, ас берілді.
 
Гүлсара Мәлікова